Таулы Бадахшанда бейресми лидердің інісін ұстады
«МИЛИЦИЯҒА БАҒЫНБАҒАНЫ ҮШІН ҰСТАЛДЫ»
Тәжікстан ішкі істер министрлігі баспасөз орталығының Азаттықтың Тәжік қызметіне (Радио Озоди) хабарлауынша, 54 жастағы Тохир Мамадбокиров 2014 жылдан бері «бұзақылық» айыбы бойынша іздеуде жүрген. ІІМ-нің қаңтардың 4-і күні берген ақпаратында Тохир Мамадбокировтың милиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, балағаттап, дөрекілік танытқаннан кейін ұсталғаны айтылған.
«Ол қалада әйнегі күңгірттелген «Мерседес» көлігімен жүрген. Оқиғадан кейін ұсталған. Оның көлігі айып тұрағына қойылды» деп хабарлады ІІМ баспасөз орталығының өкілдері.
Құқық органдары Таулы Бадахшан автономиялық облысының орталығы Хорог қаласында ішкі істер басқармасының алдына жиналған Тохир Мамадбокировтың туыстары мен дос-жараны биліктен оны босатуды талап еткені туралы ақпаратты растады.
«Ұсталған азамат заң алдында жауап бермейінше еркіндікке шықпайды» деп мәлімдеген ІІМ өкілдері.
Бейсенбінің кешінде Озоди радиосының Хорог қаласындағы дереккөзі Тохир Мамадбокировты милиция қызметкерлерінің талабына бағынбағаны үшін ұстағаны туралы хабарлаған. Дереккөздің айтуынша, ұсталған адам Таулы Бадахшан автономиялық облысы орталығындағы ауруханалардың бірінде күзетші болып істейді.
Бұған дейін, 2018 жылы қазанда Тәжікстан құқық органдары Тохир Мамадбокировты Хорог қаласындағы мемлекеттік автоинспекция (ГАИ) бекеттерінің жұмысына кедергі келтірді деп айыптаған. Бұл туралы бейнесюжетте «Мамадбокиров пен қоғамдық тәртіпті бұзған тағы бірнеше адам қатаң түрде әкімшілік жауапқа тартылатын болады» деп айтылған.
ХОРОГТА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ БҰҒАТТАЛДЫ
Қаңтардың 3-і күні кешке Хорог қаласының бір топ тұрғыны ішкі істер басқармасы орналасқан аудандағы милиция бекетінің қасына жиналып, Тохир Мамадбокировты босатуды талап еткен.
Озоди сайтына оқырмандар жергілікті тұрғындар қатысқан Хорогтағы кешегі акциядан түсірілген фотоны жолдады.
Бұл уақытта әлеуметтік желілердің кейбірі бұғатталып қалғаны байқалған, мысалы, Хорогтан Facebook желісі ашылмай қалған. Мұндай жағдай Хорогта соңғы рет былтыр қарашаның 6-сы күні жүзден астам адам қала әкімшілігіне тұрғындарға оқ атқан милиция қызметкерін жазалауды талап етіп барған кезде болған еді.
Қарашаның 5-іне қараған түні қаланың «Тирчит» ауданында атыс болған. Сонымен бірге наразылар Хорогтағы барлық милиция бекеттерін жабуды талап еткен.
Сол жолы тұрғындармен кездескен Таулы Бадахшан автономиялық облысының басшысы Ёдгор Файзов оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті шара қабылдауға уәде еткен. Аймақ басшысы милиция бекеттері Хорогта заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтып, олардың қызметіне жергілікті тұрғындар кедергі келтірмеуі тиіс деп мәлімдеген.
«СХОДКА» ӨТКІЗУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Тохир Мамадбокировтың ағасы Мамадбокир Мамадбокировты Таулы Бадахшан автономиялық облысындағы бейресми лидерлердің бірі әрі жергілікті ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі деп атайды. Тәжікстан билігі былтыр күзде аймақтың бейресми лидерлерінен қылмыстық іс-әрекеттерден тыйылуды талап етіп, олай болмаған жағдайда қатаң түрде жазаланатындарын ескерткен.
Бұл туралы ресми қағаз жергілікті жеті бейресми лидерге — Толиб Аймбеков, Мамадбокир Мамадбокиров, Ёдгор Мамадасламов, Хурсанд Мазоров, Мунаввар Шанбиев, Зоир Раджабов және Амриддин Аловатшоевқа былтыр қазанның 22-і күні облыстық прокуратурада табыс етілген.
Көшірмесі жергілікті телеарнадан көрсетілген құжатта билік бейресми лидерлерге:
— қылмыстық топтар ұйымдастыру;
— жастарды жаппай тәртіпсіздіктер мен мемлекеттік нысандарды басып алуға шақыру;
— мемлекеттік меншікті бүлдіріп-жою;
— билік өкілдерін қорлау;
— бұзақылық;
— заңсыз есірткі және қару-жарақ сату;
— «сходка» (қылмыс әлемі өкілдерінің жиыны – ред.) ұйымдастыру тәрізді іс-әрекеттерден бас тарту туралы талап қойған.
Бұған қоса құжатқа қол қойғандарды мемлекет және қоғам қауіпсіздігіне қарсы заңсыз іс-әрекеттерге бармауға міндеттеген.
Өткен жылы қыркүйектің ортасында Таулы Бадахшан автономиялық облысына жұмыс сапарымен барған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон аймақтағы құқық тәртібіне қатысты ахуалды қатты сынап, кемшіліктерді жоюға және облыста тәртіп пен заң үстемдігін орнатуға бір ай уақыт берген.
Президент Рахмонның сынынан кейін Таулы Бадахшан автономиялық облысы басшысы қызметінен кетіп, аймақтағы күштік құрылымдар басшылары орындарынан алынған. Хорогта автокөліктердің әйнектерінен күңгірттейтін жапсырмаларды сыпырып, жергілікті тұрғындардан атыс қаруын алу кампаниясы жүргізілген.
Дереккөз: Азаттық