Тәулігіне 9 мың қазақстандық Covid-19 жұқтыруы мүмкін – Цой
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың 2021 жылдың соңына дейінгі болжамын ұсынды.
«Денсаулық сақтау министрлігінің болжам жасау тобы 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады. Наурыз айының соңында қазақстандықтар жаппай коронавирус жұқтыруы мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың адам індетті жұқтыруы мүмкін. Ауруханаларда 24 мың төсек-орын жасақталуы ықтимал. Бұндай жағдайда карантинді қатаңдату жоспарланып отырған жоқ», – деді Цой Үкімет отырысында.
«Пессимистік сценарий бойынша тәулігіне 6-9 мың адам коронавирус жұқтырып, 45 мың төсек-орын толуы мүмкін. Бұндай жағдайға 52 мың төсек-орын әзірленген. Ондай жағдайда денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін ауырлатпау және сапалы медициналық қызмет көрсету үшін карантин шаралары қатаңдатылады», – деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы бірінші кезеңде 2 миллион адамға вакцинация оң әсер ететінін атап өтті:
«Біздің бағалауымызша, 2 миллион адамға вакцинация жасау аурудың санын 40 000-ға азайтуға мүмкіндік береді. Вакцинация қаншалықты көп болса, коронавирустық инфекциядан аурушаңдық пен өлім-жітім соғұрлым аз болады, өмірге қайтып оралу ықтималдығы жоғарылайды және шектеуші шаралар қолданылмайды».
«Өзін-өзі оқшаулау мен карантинге балама – вакцинация», — деп түйіндеді Цой.