Тәуелсіздік – ұлтымыздың ұлы құндылығы
Тәуелсіздік қолға тиісімен Елбасы Н.Назарбаев бастаған ел-жұртымыз дамудың дара да даңғыл жолына түсті. Осы орайда Ата Заңымыздың қабылдануы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, шекарамыздың шегенделуі, Арқа төрінде жаңа Астананың өз сәнімен бой түзеуі, экономикамыздың өркендеуі, шеттегі қандастарымыздың атажұртына оралуы және басқа да шешімін тапқан игілікті істер санамызда жаңғырады. Мұның барлығы ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде еліміздің мәртебесі биік, беделі зор мемлекетке айналғанын қапысыз ұқтырады.
Бұл ретте Елбасының бастамалары арқасында еліміздің ядролық қауіпсіздікті нығайту саласында көшбасшы ел ретінде танылғанын айрықша атап өтуіміз керек. Бұған қоса, еліміздің бітімгерлік бағытындағы бастамаларына халықаралық қоғамдастық жоғары бағасын беріп отырғанын да мақтанышпен айтамыз. Мұның барлығы Қазақстанның тартымдылығын арттырып, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайлануына, осы ұйымға төрағалық етуіне жол ашты.
Еліміздің халықаралық және аймақтық ұйымдардың жұмысына белсенді араласып отырғаны да көңіл қуантады. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011-2012 жылдары ИЫҰ-ға төрағалық еткені сөзіміздің дәлелі бола алады. ТМД-да алғашқы болып ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырғаны да басты табыстарымыздың бірі.
Қазақстанның бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елдің қатарына қосылғаны еліміздің болашағы жарқын екенін көрсетіп берді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы сынды мемлекеттік ауқымды жобалардың тиімді іске асырылуының арқасында жүзеге асырылған игі істердің жасампаз тарихы қалыптасты. Еліміздің экономикасына құйылған қыруар инвестиция халықаралық бизнес-қауымдастықтың Қазақстанға деген зор сенімін растайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты қысқарту, жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеп, білім нәрімен сусындату, әсіресе ауылдарды қолдау шаралары өзінің оң нәтижесін көрсетті.
Ел бірлігін нығайту мемлекеттің басым бағыттарының бірі болғандықтан, осы орайда қолға алынған шаралар өзінің ауқымдылығымен дараланып тұр. Бұл арада Елбасы бастамасымен құрылған ҚХА-ның орнын ерекше атап өткеніміз орынды.
Еліміздің мәдени-рухани өміріне қатысты атқарылған шаралар өте көп. Мәселен, «Мәдени мұра» жобасы аясында ұйымдастырылған шаралар, Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттердің күн тәртібіне қойылуы, қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру ісінің басталғаны және басқа да ауқымды жұмыстар халқымыздың рухани өміріне тың серпін берді.
Елбасының шеттегі қандастарымызды атамекенге шақыруы нәтижесінде 1 миллионнан астам қазақтың елге қоныс аударуын тәуелсіздік табыстарының бірегейі десек қателеспейміз. Бұл көш әлі де жалғаса бермек.
Еліміз жастарды қолдау ісіне айрықша көңіл бөліп келеді. Басқасын былай қойғанда, бір ғана «Болашақ» бағдарламасы арқылы бүгінге дейін 13 мың жас өрен әлемнің озық оқу орындарында білім алды. Елбасының бастамасымен 2019 жыл Жастар жылы деп белгіленуі де мемлекеттің жастарды қолдауға екпін түсіріп отырғанын ұқтырады.
Елімізде мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету сынды міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл орайда халық Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының игілігін көріп отыр. Аталған саладағы шаралар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында одан әрі жаңаша сипатта жалғасын таппақ.
Қорыта айтқанда, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстанда тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын одан әрі еселей түсудің барлық алғышарттары қалыптасқан. Бұл ел Тәуелсіздігінің баяндылығын, халқымыздың болашағының жарқын екенін білдіреді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/