ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ТАРТУ | «Айқын» газеті
Кітапхананың заман талабына сай жандануы жастар жағын білім жолына бағыттайтын бастама деп есептеуге болады. Солардың бірі саналатын коуоркинг орталығы Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы аудандық орталық кітапханада да ашылды және дәл мереке күні ауданда ІТ сынып ашылды.
Салтанатты рәсімге қатысқан аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров қызыл лентаны қиып, ыстық ықыласын білдірді.
Жаңадан ашылған оқырман орталығы Тәуелсіздік күні мен «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Заманауи талапқа сай жабдықталған ұжымдық кеңсе әсіресе белсенді жастарға тиімді әрі пайдалы болып жасалған.
– Коуоркинг орталығында бос уақытын тиімді пайдаланамын деушілер үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда шахмат, дойбы сияқты интеллектуалды ойындардан басқа, ғаламтор арқылы қажетті ақпараттар мен электрондық оқулықтар оқи алады. Коуоркинг орталықтарының ашылуы кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу мақсатында қолға алынуда. Кітапханалар, оның ішінде ауылдардағы кітапханалар жүйесін жаңғырту, заманауи құрылғылармен жабдықтап, цифрлы жобалар енгізу – бүгінгі күннің талабы. Кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығына айналуға бағытталып отыр, – дейді Қарасай аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Далабаев.
Сондай-ақ коуоркинг орталығының келешек оқырманы болатын 5-сынып оқушыларының «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рәсімі де болды.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы
Дереккөз: Айқын