Тәуелсіздік күні ұсталған белсенділер заңсыз сотталғандарын айтады

0

Бүгін Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының залында азаматтық белсенділер баспасөз жиынын өткізіп, «тәуелсіздік күні алаңға барғаны үшін заңсыз сотталғандарын» мәлімдеді.

Белсенділер Қанат Жақыпов, Марат Құрбанов, Рысбек Мамыров, Арман Қалидың мәлімдемелеріне қарағанда, 2019 жылдың 16 желтоқсанында Алматы қаласында тәуелсіздік күніне орай өткізілген іс-шарадан кейін оннан астам белсенді қамауға алынып, сотталған.

— Заңсыз сот шешімінен жапа шектік. 2019 жылдың 16 желтоқсанында қамалып, 31 желтоқсанда босатылдық. Апелляция шағымымыз қанағаттандырылмаған соң, қамаудан шыққанша аштық жарияладық,- дейді олар.

Белсенділердің сөзінше, 16 желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған шарадан кейін белсенділердің кейбірін полиция автобуспен үйге қайтып бара жатқан ұстаған. Олар «полиция қоңырау шалу құқығымыздан айырды, үш сағаттан артық адвокатсыз, заңсыз ұстады» деп есептейді.

— Бізді түн ортасында сотқа біртіндеп апарды. Сөйтіп 488-ші баптың бірінші бөлімі (бейбіт жиналыс, митингі, шерулер мен пикеттерді, демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы) бойынша айыптап, қамауға алды,- дейді олар.

Белсенділер «Қазақстан азаматтарына бейбіт әрі қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар және шерулер өткізу құқығын беретін Конституцияның 32 бабы бұзылды» деп санайды. Олар Қазақстанның құқық қорғау ұйымдарына үндеу жасап, 2019 жылы 16-20 желтоқсан аралығында белсенділерді сотттаған сдьялар мен іске қатысқан прокурорларды және өздерін заңсыз ұстаған қала полициясының басшылығы үстінен Жоғарғы сотқа шағым түсіруді, халықаралық соттарға дейін жеткізуді сұрады.

16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілмеген шеру өткізбек болған деген күдікпен 55 адам ұсталған. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

17 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік күні ұсталдық» деген бір топ адам заңдық кеңес алу үшін құқық қорғаушы Ерлан Қалиевпен кездескен.

Желтоқсанның 16-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне оқ атып басып-жаншыған кезде қаза тапқандарды еске алуға жиналғандар билікке саяси талаптар да қойды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция көшемен жүріп өтпек болған наразыларды жаппай ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кеткен еді.

Azattyq