Тәуелсіздік – ғажап ұғым

0

2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының отыры­сында «Қазақстан Республикасындағы мереке­лер» туралы заң қабылданды. Сол жолы Тұң­ғыш Президент күні Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ елі үшін жасаған еңбегін елеп, ескеру мақсатында күнтізбеге енді. Қазақстан атты еге­мен мемлекеттің Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев – халықтың берік сенімі­не ие болған, халықаралық деңгейдегі әлем саясаткерлерін сындарлы саясатымен, ақыл-парасатымен, білімдарлығымен сыйлата білген танымал тұлға.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бе­делінің зор екені де әлемдік ақпарат көз­дерінен айқын сезіледі. Елбасымыз арқылы күллі әлем Қазақстанды тани түсуде.

Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халық­тың басын біріктіріп, дербес ел ретінде ең­сесін көтеріп, өз алдына мемлекет құру­да Елбасы­ның еңбегі ұшан-теңіз. Тәуел­сіздіктің алғаш­қы жетістігі – хал­қы­мыз өз таңдауымен Ел Президентін сай­лауы. Мем­­­лекет басшысына үлкен се­нім артты, зор міндеттер жүктеді. Өйт­кені Н.Әбішұлы – металлург ре­тін­де өндірістің төрінде шыңдалған, өмір мен еңбектің шытырман жолда­рынан өт­кен, болашақты көрегенділікпен сара­лап, болжай білетін көшбасшы. Елбасы­ның қажырлы еңбе­гі­мен Қазақ­стан әлем­ге паш етілді.
Тәуелсіздік – ғажайып ұғым, алайда тәуелсіздіктің шаңырағын шайқалтып алмай, мемлекетіміздің нығайып, дамы­ған отыз елдің қатарына қосылуы ізгі мақ­сат. Қазақ­стан ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуде айтарлықтай нәтиже­лерге қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдары қалып­тас­тырылды, Қазақстан өзінің мемле­кеттік шекарасын заңдық тұрғыдан ресімдеу мен шегендеу жөніндегі мәселелерді түп­кі­лікті шешті. Байтақ жеріміздің ше­кара­лық шеңбері бойында тату көр­шілік бел­деуін қалыптастырды. Шекара­мыздың бе­ріктігі мемлекетіміздің дұрыс бағыт­та­ғы халықа­ралық саясатының және Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.
Қазақстан Тәуелсіздік босағасын атта­ғалы бері әлемнің алпауыт елдерімен үзеңгі қағыстыруға талпынып келеді. Осы мақсатта Президентіміз бүгінге дейін қаншама нақты реформаларды жүргізгені баршаға аян. Мемлекет бас­шысының сарабдал саясаты­ның арқа­сында әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан қарыштап даму жолына түстік. Мем­лекет басшысы жыл сайын халыққа Жолдау жасап, еліміздің әлеуметтік, тұрмыс­тық жағдайына жіті назар ау­дарып, бағыт-бағдар беріп келеді. Биыл­ғы қазан айындағы Жолдауында білім, ғылым саласына, ұстаз­дардың мәрте­бе­сіне орай нақты ұсыныстар көтерді. Жас­тардың біліміне, тәрбиесіне бәрі­міздің бо­лашағымыз тікелей байланыс­ты. Сон­дықтан ұстаздардың мәртебесі ту­ралы арнайы заң қабылдау мен алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы – ұлт Көшбасшысының көрегендігі. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау са­лаларына барлық көздерден жұмса­ла­тын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет екені де айтылды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көмекшісі қыз­метін атқарған жылдары байқағаным, ол кісі – өте білімді, зерделі, еңбекқор, кө­ре­­ген, адамды баурап ала­тын, ұйытып әкететін қасиеті мол тұлға. Осы жылдары Қа­зақстан мем­лекетінің Көшбасшысы еліміздің өркендеп да­муына орасан үлес қосты, халқымызды жұдырықтай жұмыл­дырып, ұтымды ұйымдастыра білуде атқарған еңбектері орасан. Бүгінде Мем­лекет басшысының еліміздегі кең ау­қымды экономикалық, саяси және әлеу­меттік реформаларды жүзеге асыру­дағы қажырлы еңбегі, Қазақ елінің әлемге бейбітшіл мемлекет болып танылуына сіңірген үлесі ұшан-теңіз. Елбасымыз Қа­зақстанды келешекте дамыған, өрке­ниет­ті ел қатарына қоса­рына сенім кәміл.

Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және
дінтану институтының директоры