«Тәуелсіздік алғалы ештеңе өзгермеді»: Қаржыгер экономиканы әртараптандыратын уақыт келгенін айтты
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5299.png)
Экономист, сарапшы, қаржыгер маман Сәбит Рысбаев Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болып экономиканың қазіргі жағдайына байланысты бірнеше сауалға қарапайым тілмен жауап берді, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сарапшының сөзінше, мұнайға тәуелді елдер нашақор адамдар сияқты келеді екен.
«Бюджеттің 44%-ы мұнайдан келетін ақшаға қарап тұр. Біздің 30 жылдан бері айтып келе жатқан әңгімеміз экономиканы әртараптандыру. Біздің бюджет шикзатқа қарап қалған. Кеңес үкіметінің кезінде де Қазақстан экcпортының 96%-ы шикізатқа қараған. Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл болса да әлі күнге сол жолмен келе жатырмыз. Нашақорлар наша қолданбаса отыра алмайды ғой. Сол сияқты мұнайы бар елдер де соған сеніп ештеңе істемей отыра береді. Өйткені мұнайдан түсетін ақша көп нәрсені жауып жатыр», — дейді ол.
Сонымен қатар, экономист Трмаптың таққа келуі басқа елдерге қалай әсер ететінін де айта кетті. Оның сөзінше, доллармен жинаған ақшам жоқ деп жайбірақат жүрудің қажеті жоқ.
«Біздің бүгінгі мәселеміз Дональд Трамптың билікке келуі болып отыр. Африкада «Эффект бабочки» деген бар. Яғни, Африкада көбелек қанатын қағатын болса, Азияда дауыл тұрғызады деген сөз. Трамптың билікке келуі де осы. Дональд Трамп өз сөзінде Американың экономикасын үлкейтіп Қытай, Еуропаға БАЖ салықтарын көбейтеміз деді. Соның ішінде мұнайдың бағасын да түсіреміз деді. Америка мұнайды көбірек өндіретінін айтты. Себебі Ресей мен Украина соғысып жатыр. Ал Ресей көп дүниені сол мұнаймен қаржыландырып отыр. Сол үшін Трамптың сайлау алды бағдарламасында осылай айтылған. Егер мұнайдың бағасын шынымен 40-50%-ға түсіретін болса, біздің бюджетке түсетін табыс азаяды. Мұнайдан түсетін ақша азайғаннан кейін теңге құнсызданады. Ал теңгенің құнсыздануы инфляцияға алып келеді. Теңгенің құнсыздануына кей адам менде доллар жоқ, маған бәрібір деп қарауы мүмкін. Олай болмайды. Ертеңгі күні сен ауырғанда да ішетін дәрі-дәрмегің сырттан келеді. Доллар қымбаттағаннан кейін бәрі қымбаттайды. Кез келген тауардың бағасы доллар қымбаттаған сайын артады. Дональд Трамптың айтқан дүниесі біз сияқты экономикасы мұнайға бағынышты елге тікелей әсер етеді», — деп түсіндірді қаржы маманы.
Сұхбаттың толық нұсқасын сілтемеден өтіп көріңіз: «Оффшор схемасы, НДС төлемейтін олигархтар» — Сәбит Рысбаев