Тәуекел Мүсілім өзінің жұмсақ мінезі туралы айтып берді

0

Тәуекел Мүсілім актерлердің жалақысы, сүйіктісі мен табысы туралы ашық айтты

АЛМАТЫ, 30 сәуір – Sputnik. Модель әрі актер Тәуекел Мүсілім алдағы екі жылда үйлену туралы жоспары жоқ екенін айтты. Бірақ сүйіктісі бар екенін жасырмады. Актер «Ережесіз әңгіме» бағдарламасына берген сұқбатында қазір үйленуді емес, шетелде білім алуды көздеп отырғанын айтты. 

«Маған ұнайды, жақсы қыз»

«Алдағы екі жылда үйленуді жоспарлап отырған жоқпын. Өйткені шетелге барып, білімімді шыңдасам деймін. Мұны анама айтып, ескерттім. Кездесіп жүрген қызым бар. Бірақ оның кім екенін айта алмаймын. Себебі бұған дейін көз тиген секілді. Халықтың алдында жүрген соң, ішіңдегіні айту парыз деп ойлайсың ғой. Солай еттім, бірақ сол кезде жолым болмай қалды», — дейді ол.

Тағы оқыңыз: Гүлнұр Оразымбетова күйеуінің қаталдығы туралы айтты

Тәуекел жар таңдауда анасының ақыл-кеңесіне құлақ асатынын айтты. Сондықтан сүйіктісін анасымен таныстырып үлгеріпті.

«Есімі — Айтұрған. Екеуміз инстаграм арқылы таныстық. Енді бәрін уақыт көрсетеді. Үйленеміз бе, үйленбейміз бе, құдай біледі ғой. Бірақ өзі маған ұнайды, оқыған-тоқыған жақсы қыз. Анаммен де таныстырдым. Өз өмірің болған соң, өзің көр деп анам соңғы шешімді өзіме қалдырды», — дейді ал.

Актердің табысы қандай

Актер театрда болсын, кинода болсын, шығармашылық адамдардың еңбегі Қазақстанда өте төмен бағаланады деген пікірде. Оның айтуынша, актердің жалақысымен отбасын асырау мүмкін емес. 


©
Foto : Кадр фильма

«Анамды іздеймін» фильмінің кадры

«Мысалы, біз елорданың 20 жылдығына арналған телесериалға түстік. Бұл — «Қазақфильм» мен «Мосфильм» бірігіп түсірген жоба. Жартысы Астанада, жартысы Мәскеуде түсірілді. Ол жақтағы актерге деген құрметті көрсеңіздер, әрине, біздегімен салыстыруға еш келмейді.  Басты рөлде Мария Лобова ойнады. Жігіттің рөлін мен сомдадым. Бір-біріміздің инстаграм парақшамызды қараймыз ғой. Ол менің тележүргізуші және басқа да жұмыстар істейтінімді көріп таңғалды.  Марияның айтқанынан Ресейде актердің жалақысы жақсы екенін түсіндім. Сондықтан олар басқа ақша көзін іздемейді. Егер жақсы ұсыныс түсіп жатпаса, әрине», — дейді Тәуекел.

Әкесі туралы фильм түсірмек

Тәуекел әкесіне арнап кино түсіргісі келіп жүргенін айтты. Тіпті, өз сөзінде әкенің балаға тура қай кезде ауадай қажет екенін айтып берді.

Тағы оқыңыз: Әсел Сәдуақасова төсектес болуды сұраған беделді адам туралы айтты

«Анам мені бетімнен қаққан жоқ. Бала кезімде барлық спорт түріне қатыстым. Бірақ ешқайсысын жетістірген жоқпын. Себебі менің қасымда қолдау болатын ер адам болмады. Әрине, шешем ешкімнен қалмасын деп ақшасын төлеп, спорт үйірмелеріне қатыстырады. Ал спортта деңгей жоғарылаған сайын балаға түсетін салмақ та артады. Сол кезде жігерлендіретін, рухыңды көтеріп, қолдайтын, ақыл-кеңес беретін ер-азамат керек балаға. Мен содан кейін де спортты тастап кеттім деп ойлаймын», — дейді ол.

Актердің айтуынша, әйел адамның қолында өскен ұл жұмсақтау болады.

«Елдің көңіліне қарап тұрамын. Өмірімде мұндай мінезімнің кесірі тиіп те жатады. Мәселен, «Жоқ» деп айта алмаймын», — дейді ол.

Тәуекел анасымен ажырасып кетсе де, әкесін сыйлап, жақсы көргенін айтады.

«Әкем Шымкенттен Алматыға келгенде үнемі менің білегімді ұстап көретін. «Мынау не, қыздікіндей» дейтін. Одан соң достарының менімен қатар баласы болып қалса, күрестіріп қоятын. Әбден намысқа тырысамын. Әкем менімен мақтансыншы деп тыраштандым. Қоқиланып, мінез көрсетіп шығушы едім. Бірақ әкем кеткен соң, оның бәрі жоғалатын», — дейді ол.

Қазір актер әкесінің екінші отбасындағы балаларымен жақсы араласатынын айтты. Тәуекел бауырларының суретін инстаграм парақшасында жариялаған болатын.

«Араласып тұрамыз, бірақ жиі деп айта алмаймын. Екі ұлы сырттай оқып, жұмыс істеп жүр. Қалғандары мектепте. Қазір қарым-қатынасымыз дұрыс. Болашақта інілеріме қолымнан келгенше көмектесемін деген ойдамын», — дейді актер.

Тәуекел әкесі жайлы фильм түсіруді армандайды екен. 

«Ол кісі туралы кино түсірсем бе деп армандаймын. Бала кезімде әкемнің жанында үш ай жүрдім. Үнемі мені қасына ертіп алатын. Одан ұққаным: ермінезді, ұлтжанды, көшбасшылық қасиетке ие, шешен, сөзге шебер кісі болды. Әрине, жағымсыз жақтары да бар еді. Бірақ оның заманы сондай аласапыран сәтке келді. Әкемнің достары менің есімімнің тарихын бертін ғана түсіндіріп берді. «Біз сен туған жылы — 88 жылдары тәуекел еткенбіз» деп айтты», — дейді актер.

Тағы оқыңыз: Ержан Максимнің әкесі ұлының шоудан кейін не істейтінін айтты

Сұқбат барысында Тәуекел жарақат алып, иығына темір салдыртқанын да айтып қалды.

«Тауда сноубордпен қатты келе жатып, құлап түстім. Қатты жарақаттандым. Сол жақ иығым шығып кетті. Ота жасап, темір қойды. Енді маған бір жылдай жаттығуға болмайды», — деді ол.



sputniknews.kz