Тауарларды таңбалау – тұтынушыға тиімді

0

Палата басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда қалаулылар Еуразиялық одаққа қатысты екі халықаралық құжатты ратификациялайтын жаңа заң жобаларын құптады. 

Атап айтқанда, Мәжіліс «2014 жыл­­ғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республи­касының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шартқа өзге­ріс енгізу туралы хаттаманы ратифика­циялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Се­натқа жолдады. Осы Хаттама ЕАЭО-ға мүше бес мемлекет 2018 жылғы 12 та­­­мыз­ға дейін белгілеген кедендік әкелу баж­дарының сомаларын бөлу нор­матив­те­рінің мерзімін 2019 жыл­ғы 31 желтоқсанға дейін ұзартады.
Одақ көлемінде жиналған баж алым­дарын бөлудің қолданыстағы нормативі бойынша Қазақстанға 7,055% үлес тиеді. Қаржы вице-ми­нистрі Қанат Байеділовтің айтуынша, кейінгі жылдары одақтас өзге мем­ле­кеттерден еліміз алатын кедендік баж түсімдері өсуде. 2017 жыл қоры­тын­ды­сында Қазақстан 268 миллиард тең­геге қол жеткізсе, биыл бұл сан 300 мил­­лиард теңгеден асады деп күтілуде.
Депутаттар талқылау барысында ЕАЭО аясындағы кедендік әкелу баждары мен олардан қазақстандық бюджетке түсімдердің түсу қарқы­нына қатысты мәселелерді көтерді. Осыған байланысты Мәжіліс спикері мүше мемлекеттер бюд­жеттерінің толы­ғуының маңыздылығына екпін түсіре кетті. Н.Нығматулиннің па­йымда­уын­ша, Еуразиялық одақтың қызме­тінің басты мәселесі – тауар­дың, қызметтердің, капиталдың және ең­бек ресурстарының еркін қоз­ғалысы. Ол отандық дүкендер сө­релерінде Беларусь пен Ресей тауарының, ал Мәскеу мен Минск сөрелерінде қазақстандық тауар­дың орын табуын «оң нәтиже» деп бағалады.
– Бүгінде бірыңғай энергетика нары­ғы мен қызметтер нарығы қалып­тасу сатысында тұр. Алайда сонымен бірге, ЕАЭО жағдайында отандық тауар мен қызметтердің бәсекеге қа­білеттігі мә­селесі үлкен ма­ңызға ие болатынын естен шығар­мауымыз қажет. Тауарымыз бен қыз­меттеріміз ортақ нарықта кең сұра­нысқа ие болғанда бюджеттің, соның ішінде оның кіріс бөлігінің толығуы мәселесі түбегейлі шешіледі. Бұған тек сапалы әрі бәсекеге қабілетті тауар мен қыз­меттер арқасында ғана қол жеткізуге болады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Осы отырыста барлық фракция­лар депутаттарының қатысуымен ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау мәселесіне қатысты қызу пікірталас жүрді. Нә­тижесінде, депутаттар оның қажеттігі туралы тоқтамға келді. Таңбалануы жоспарланған тауар қата­рында дәрілік заттар да бар. Осы орайда Мәжіліс төрағасы бұл жағдайда ең алды­мен дәрілік заттардың құны бойынша халықтың мүддесін ескеру қажетін ерекше атап өтті.
– Бүгінде барлық дамыған елдер дәрілік заттарды таңбалайды. Осы про­цестен тыс қалмауға тиіспіз. Өйт­кені халқымыз дәріханалар мен ауру­ханаларда тек сапалы дәрілер қол­данылатынына толық сенімді болуы қажет. Сонымен бірге, қазақстандық дәрілік заттарды өндірушілердің, дәріханалар мен ауру­ханалардың қажетті жабдықты сатып алуына мемлекеттік қолдау көрсету мә­селелерін мұқият пысықтауды өте ма­ңызды деп санаймын. Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының ар­туы­на соқ­тырмауы керек. Бұл – тұр­ғындар үшін өте маңызды мәселе, – деді Нұрлан Нығматулин.
Қаржы министрі Әлихан Смайы­ловтың түсіндіруінше, «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәй­кестендіру құралдарымен таң­балау жө­ніндегі келісімге» 2018 жыл­дың 2 ақпа­нында Алматы қаласында, Еура­­зиялық үкіметаралық кеңес оты­рысы аясында ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары қол қойыпты.
– Келісімнің негізгі мақсаты – тауар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау, көлеңкелі эконо­ми­каны азайту, бюджетке салықтардың түсімін арттыру, одақ шең­берінде биз­несті жүргізудегі бәсекелестік шарт­тарын теңестіру. Келісім бо­йынша одақ аумағына әкелінген және оның аумағында өндірілген тауарлар таңба­лануға жатады. Таңба­ланатын тауардың тізбесі одаққа кіре­тін елдердің ұсынысы бойынша Еу­разиялық экономикалық комис­сия кеңесінде бірауыздан бекітіледі. Ол үшін таңбалау енгізудің мақсатқа сай екендігі туралы толық талдау ұсыну қажет, – деді еліміздің бас қаржыгері.
Одақ аумағында жеке тауар топтама­сына таңбалау енгізу туралы ортақ шешім қабылданған жағдайда бастамашы мемлекет өзінің заңна­масына сүйене отырып, таңбалау ен­гізуге құқығы бар. Басқа мүше мем­лекеттер өздерінің ниет­тері пай­да болған кезде осындай таңбалауға қосыла алады.
Кейбір жағдайларда тауар таң­балауға жатпайды. Мысалы, өнді­ріл­­ген тауарды одақтың кедендік аума­ғы­нан сыртқа шығарған және жеке тұлғалардың өз қажеттілігі үшін әке­л­ген жағдайда та­уарды таңба­лау­дың қажеті жоқ. Бүгінде таңбалау инс­ти­ту­ты әлемнің көптеген елде­рін­де, мә­селен АҚШ, Еуропалық одақ ел­дері, Бразилия, Қытай және бас­қа да мемлекеттерде ойдағыдай қолда­ны­лып жатқанын айта кеткен жөн. Тауардың әр­бір бірлігін таңбалау және оның қозға­лысын импорт­тау­шы­дан және өндіру­шіден бастап соң­ғы тұ­ты­нушыға дейін қадағалау – эко­но­ми­каны цифрланды­рудың тиім­ді құ­рал­да­ры­ның бірі, – деді Ә.Смайылов.
Бұдан бөлек, Мәжіліс «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорға­ныс­тық тапсырыс туралы» заң жоба­сын екін­ші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді. Жалпы отырыс соңында бір топ қа­лаулы орталық мемлекеттік орган­дар басшылары атына депутаттық сауал жолдады.

Дереккөз: Айқын