Тәтішев өлімі: Сот Әблязовке қатысты үкім шығарды

0
27 Қараша 2018, 12:47 479 0

Фото: ашық дереккөзден

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мұхтар Әблязовке қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды.

«Айыптаушы тарап Мұхтар Қабылұлы Әблязовты 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық кодекстің 28-баптың 3-бөлігімен, 96-баптың 2-бөлігінің ж, з тармақтарымен қарастырылған қылмыс бойынша айыпты деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. ҚР ҚК 58-бабының 4 жне 6 бөліктері негізінде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылдың 7 шілдесіндегі үкімімен тағайындалған жаза мерзімін толық біріктіру арқылы Мұхтар Қабылұлы Әблязовке үш жыл мерзімде банк ұйымдарында кәсіби қызметпен айналысу құқығынсыз, жаза мерзімін жоғарғы қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару эүйесі мекемесінде өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімі тағайындалсын», — деп үкімді жария етті судья Кенжебеков.

Әблязовтың жаза мерзімін өтеуі ол қамауға алынған сәттен бастап есептелетін болады. Сот үкіміне қатысты 15 күн ішінде апелляциялық тарапқа шағымдануға болады.

Еске сала кетсек, Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот «жазатайым оқиға» деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади «Тәтішевті «ТұранӘлем» банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім» деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттады.

Қазақстан бас прокуратурасы 4 сәуірде Мұхтар Әблязовтің үстінен «банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.

Қазір Әблязовке қатысты қылмыстық іс Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Айыпталушы бірде-бір сот отырысына қатысқан жоқ.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ