Ташкентте Сардоба қоймасының жарылуына қатысты сот ісі басталды

0

Өзбекстанның Жоғарғы соты биыл 1 мамырда жарылған Сардоба су қоймасына қатысты істі қарай бастады. Қылмыстық іс аясында сегіз күдіктіге айып тағылған.

21 желтоқсанда Ташкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот ғимаратында бұл сот процесі жабық өтіп жатыр. «Тупаланг» су арналарының басқарма басшысы Бахшулло Асадов және тағы жеті адамға айып тағылған.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетіп, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланған. Жүздеген үйді су басып, жарамсыз қалған. Түркістан облысы Мақтарал ауданында 7639 гектар егістік алқабын су шайып кеткен, диқандар 4,1 млрд теңге көлемінде шығынға батқан.

Сотталушылардың бірінің адвокаты істің құпия сақталатынын, сол себепті сот отырысына айыпталушылардың туыстарын жібермегенін айтты.

Бұның алдында Сырдария облысындағы апатқа байланысты «қызмет бабын асыра пайдалану» және «қауіпсіздік ережелерін бұзу» баптары негізінде қылмыстық іс қозғалған.

6 қазанда Жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік директоры Акмал Бұрханов Сардоба су қоймасының жарылуына қатысты істе 17 күдікті бар екенін хабарлаған.

Олардың сегізіне қатысты істі Өзбекстан Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарай бастады.

Дереккөз мәліметіне қарағанда, алғашқы сот отырысы 2,5 сағатқа созылды. Сот процесі жабық өтті.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Сардоба су қоймасының жарылуынан 45 млрд сум (4 млн 300 мың доллар) шығын келді. Қылмыстық істегі күдіктілер соның бір бөлігін ғана өтеді.

Соттың келесі отырысы 28 желтоқсанда өтеді. Сол кезде мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысымен таныстырады.

2020 жылғы 1 мамырда Сардоба су қоймасының жарылуынан сол маңдағы шамамен 70 мың тұрғын эвакуацияланды. Қоймадан аққан су Қазақстанның оңтүстігіндегі бірнеше елді мекенді де басып қалды.