Ташкентте метроның құрылыс алаңында топырақ құлап, туннельді басып қалды
18 желтоқсанда Ташкентте метроның Юнусабадтағы ашық құрылыс алаңында шамамен 250 шаршы метр жер опырылып құлап, туннельді басып қалды. Жергілікті сайттардың дерегіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, іздеу-құтқару жұмысы кезінде бірнеше мәйіт табылған. Ал Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігі оқиғадан ешкім зардап шекпеді деген.
Ақпарат бойынша, топырақтың құлауына соңғы бірнеше күн бойы тынымсыз жауған жаңбыр себеп болған. Туннельді жаңбырдан қорғау үшін құрылысшылар бетон науа орнатқан. Осы науа арқылы су сыртқа қарай шығуы тиіс болған. Алайда жаңбыр қатты жауғандықтан су ішке кіріп, туннельді лай топырақ басып қалған.
Өзбекстанның әділет министрлігі оқиғаға байланысты оның себебі мен салдарын зерттеу үшін үкімет комиссиясы құрылғанын хабарлады.