Ташкентте Гүлнара Каримованы ұстап әкетті
Ташкентте Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова ұсталған. Бұл туралы Каримованың қызы Иман Instagram әлеуметтік желісі арқылы хабарлады.
«Шамамен сағат 19:00 кезінде өзбек прокуратурасының қызметкерлері Ташкенттегі пәтеріме баса-көктеп кіріп келді. Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан анам осы пәтерде 2018 жылдың маусым айының соңынан бері тұрады. Олардың [прокуратура өкілдері – ред.] бірі әуелі «басшылық» атынан анама қоқан-лоқы жасап, бірнеше минуттан соң прокуратураның өзге қызметкерлерімен бірге жетіп келіп, анамды белгісіз жаққа алып кетті» деп жазды Иман.
Өзбекстан билігі 46 жастағы Гүлнара Каримованың ұсталғанын растады. Бас прокуратура хабарламасында 5 наурызда Яшнабад аудандық қылмыстық істер жөніндегі сот «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған» Каримованың еркіндігін шектеу жазасын өзгертіп, оны жалпы режимдегі түзеу колониясына қамауға үкім еткені айтылған. Прокуратураның түсіндіруінше, Гүлнара Каримова «байланыс құралдарын, интернетті пайдаланған» және «өзі келтірген зиянды өтеуге белсенді түрде бөгет жасағандықтан» сот бұған дейін тағайындалған жаза өтеу түрін өзгерткен.
Оқи отырыңыз: Гүлнара Каримованың мүлкі мен мұрагерлері
2015 жылы Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы «бопсалау, ақша жымқыру және салық төлеуден жалтару» қылмыстары бойынша айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Швеция, Швейцария мен АҚШ Каримованың үстінен іс қозғап, миллиард долларға жуық қаржы жымқырған деген айып таққан. Ол Өзбекстанда жұмыс істеген телекоммуникациялық компаниялардың кемінде алтауынан пара алған деген күдікке ілінген.
Бір кездері Гүлнара Каримова Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған әкесі Ислам Каримовтің орнын басуы ықтимал тұлға деп саналған.