Тәртіп бұзушыны ұстамақ болған полицей өзін атып алды
Полицей тоқтатқан көлікте отырған жолаушы әйел тәртіп сақшысына тап берген.
Мәскеу түбінде жол патрульдік қызмет полицейі көлікті тоқтатқанда, іштегі жолаушы әйел тәртіп сақшысына тап беріп, ол табельдік қарудан өз аяғына оқ атып алды. ІІМ хабарламасына сәйкес, Infiniti көлігінің жүргізушісі көліктен шығып, құжатын көрсетуден бас тартқан, ал жолаушы әйел ашуға булығып, жол полициясы қызметкерлерін балағаттаған.
«Заңға сәйкес полиция қызметкері табельдік қаруды алып, қолдануға әзір тұрады, сол кезде жолаушы әйел жол полиция қызметі инспекторына тап беріп, полицей байқаусызда өзінің оң жамбасына оқ атып алды», — делінген хабарламада.
Полицейлер тәртіп бұзушыны ұстағаннан кейін көліктің рөлінде құқық қорғау органының қызметкері екені анықталды, ол медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Тексеру жүріп жатыр, ол жұмыстан қуылып, жауапкершілікке тартылады. Басшылары да дисциплиналық жауапқа тартылмақ.
Дереккөз: Sputnik