Тарихты жете түсіндірудің тиімді тұжырымдамасы
Бұл тұжырымдама қазақ халқының мәдени және тарихи мұрасының барлық рельефтерін кешенді түрде қамтуымен ерекшеленеді.
Бүгінгі жаһандану әлемінде өз тарихын жай ғана білу қазіргі заманғы сын-қатерлермен күресу және болашаққа арналған мақсаттарды белгілеу үшін аздық етеді. Бұл арада кең ауқымда ойлағанымыз жөн. Дәлірегі, өмірдің барлық салалары бойынша өткеннің барлық жетістіктерін жете түсіну, ұғыну, оны тиімді құралға айналдыру маңызды. Өткен жылдардағы оқиғаларға тек баға беріп қана қоймай, оларды әрбір жеке адамның қалыптасуына ықпал етер тетікке айналдырған абзал. Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында осы мақсатты айқын аңғартады.
Президент атап өткендей, қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында әлемдік өркениетке серпін берген, жаһанды жаңғыртқан көптеген сан салалық жетістіктерге қол жеткізген. Бұл жасампаз жетістіктер арнасындағы барлық құндылықтар адамзаттың ортақ игілігіне айналды. Осы орайда бірінші кезекте қазақтың арғы бабаларының әлем бойынша алғаш жылқыны қолға үйреткенін, темір өндіруді меңгергенін, өнерге аң стилін енгізуін, Ұлы Жібек жолын қалыптастырғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ «Алтын адам» сынды аса бағалы тарихи жәдігерлер де, алма мен қызғалдақтың да Ұлы далаға тиесілі екені көп жайтты аңғартады. Міне, бүгінгі қазақ өз ата-бабаларынан осынау құндылықтардың мұраға қалғанын біліп жүруі тиіс әрі мұнымен мақтана білгені абзал.
Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында орта ғасырдағы Отырар қаласы əлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Əбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге əкелгенін, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқанын атап көрсеткен.
Бұлардан бөлек, Ұлы далада әлемдік тарихтан берік орын алған көптеген ұлы ғалымдар, қолбасшылар шыққан. Президент осы орайда, Бейбарыс пен Əбу Насыр әл-Фарабиді әділдікпен еске алады.
Араб-мұсылман әлемін сыртқы жаулардан қорғап қалған Захир Бейбарыс «Жеңімпаз және дін қорғаушысы» деген құрметті атауға ие болған. Өйткені ол араб әлемінің шығыс бөлігін крестшілер шабуылынан қорғап қалды, сондай-ақ Месопотамия мен Мысырға, сосын Мекке мен Мәдинеге бағыт алмақ болған Ұлы Моңғол империясының тегеурінді әскерінің бетін қайтарды. Осынау арпалысты кезеңде қазақ даласынан шыққан Захир Бейбарыс сырттан төнген жауларды жеңіп, сол дәуірдегі оқиғалардың бағытын өзгертті.
Қазіргі заманғы қазақстандықтар Әбу Насыр әл-Фарабиді өздерінің жерлесіміз деп мақтан тұтуға құқылы. Ол – әлемдегі екінші ұстаз, философия, математика, музыка саласындағы әлемдік білімін байытқан көптеген бағалы жұмыстардың авторы. Әбу Насыр әл-Фараби араб музыкасының ең негізгі аспаптарының бірі – әл-Канонды ойлап тапты. Бұл аспап қазақтың жетігенін еске түсіреді.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғырту бағытындағы нақты шаралар мен басты міндеттерді де белгілеп берді.
Бұл бағыт бойынша «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу, «Дала фольклорының антологиясын» жасау. Қазақстан тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу мәселелері қамтылған.
Ашраф Мохаммед АТТИА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті шығыстану кафедрасының шақырылған профессоры (Әл-Альсун Айн-Шам университеті, Мысыр)