Тарихты түгендеуге қосқан үлесі көп
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – маңызды мереке. Осы мереке барша қазақстандыққа құтты болсын! Мерекенің тарихи маңызы айрықша дер едім. 1994 жылдың 1 желтоқсанында тәуелсіз қазақ елі алғаш рет Тұңғыш Президентін сайлады. 2012 жылдан бастап атаулы күн мереке ретінде ресми бекітілді. Бұл – тарихи сәт.
Елбасы Қазақстанды дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға батыл қадамдар жасады. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған Жолдаулар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының орны бөлек. Тарихымызды түгендеу, ұлттық санамызды қалпына келтіру, төл өнерімізді дамытуға жол ашады.
Дамыған ел төл тарихын ұлықтайды. Өткенді құрметтеп, өркендеуге батыл қадам жасайды. Ұлы даланың терең сырын ұғындыруда аң стилі, қолөнер, тасқа қашалып жазылған таңбалы суреттердің сырын зерттеу, тарихи жәдігерлерді дәріптеуге ерекше тоқталып өтті. Қазақ халқының тұрмысына қатысты көне дәстүрлерді жаңғыртуға қатысты бастамасы да айрықша. Тарихи мұраларымызды зерттеп қарасақ, адамзат дамуының өркениетіне орасан зор үлес қосқанын бағамдаймыз. Қазақстанда киелі жердің көп екенін жалпылама білгенімізбен, олардың нақты қай аумақта орналасқанын жете білмейтіміз ақиқат. Сондықтан рухани мұралардың құндылығын қастерлеуге арналған бағдарламалардың қабылдануы, жүйелі жұмыстар жүргізілгені керек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы да мәдени, тарихи құндылықтарымызды түгендеп, дамытуда маңызды қадам болды. Осы арқылы тәуелсіз еліміздің іргетасын берік етіп, келешекке сеніммен қадам басамыз. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына, өркендеуінде Елбасының қосқан үлесі зор.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі