Тарихты қайта зерттеу – қажеттілік
Мемлекет тарихы институты мен Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы қоры бірлесіп «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Жиында тарих ғылымының бүгінгі даму бағыты, қоғамдық сананың қалыптасуы, тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттейтін ғылыми орталықтардың құрылуы мен қызметінің маңызын талқылады.
Тарих мәселесін талдауға АҚШ, Қытай, Түркия, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан ғалым-сарапшылар, депутаттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, архив, мұрағат қызметкерлері, жоғары оқу орны оқытушылары қатысты.
Халықаралық жиынның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы қалыптастырудағы тарих ғылымының рөлін арттыру, тәуелсіздік жылдарындағы тарихтың зерттелуі, ғылыми орталықтардың тарихты зерттеу мен зерделеуге қосқан үлесін талдау.
Жиынның мән-маңызына жан-жақты тоқталған Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған тарихтану бағытында атқарылған жұмыстарды санамалап шықты.
«Тарих, тарихи жылнама тек қана архив деректеріне, нақты фактілерге сүйеніп жазылғаны жөн. Тасқа басылған тарихи құнды жәдігерлердің маңыздылығын саралау, сараптау, қайта зерттеу, оны жарыққа шығару үшін тарихшылар көп еңбектенді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының өткен тарихты қайта жаңғыртуға ықпалы зор. Қазақ қаншама зобалаңды басынан өткерді. Әсіресе, ашаршылық жылдарының ақтаңдақтарын қайта зерттеуіміз керек деп санаймын. Өткен тарихымызды, тәуелсіздік жылдарын тізбектеген құнды кітаптардың тұсаукесерін жасадық. Мақсатымыз – өткен тарихты тек қана зерттеп қоймай, келешек ұрпаққа құндылықтарды барынша насихаттау.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы тарихи кешендер, балбал тастар, әлі де жерден қазып алынбаған құнды жәдігерлер жетерлік. Бұрын бір алтын адамды зерттеуге ұзақ жыл кетті. Содан бері қазақ даласында бірнеше алтын адам табылды. Баға жетпес олжаның құндылығын білу, оны зерттеу – ғалымдардың басты міндеті. Сырын ішке бүккен құпияны зерделеуге қазіргі кезде барлық мүмкіндік бар» деді Бүркітбай Аяған.
Елбасының тарих туралы еңбектерін саралаған Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов Қазақстандағы тарихи мұралар жүйелі түрде зерттелу керек деген ойымен бөлісті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи мұралар зерттеліп жатыр. Кең-байтақ қазақ даласының әр бұрышы, әр төбесінің тарихы көнеден сыр шертеді. Өткен заманды кезең-кезеңімен зерттеген орынды. Әрбір ел көне тарихымен мақтанады. Қазақстанда тарихты, құнды мұраларды жаңаша насихаттаудың жүйесі қалыптасқаны қуантады. Жаңадан табылған археологиялық ескерткіштердің құпиясын ашу үшін табанды еңбек етіп жүрген қазақстандық әріптестеріме алғысым шексіз. Тарихқа қатысты әрбір дерек, мәліметті қағазға түсіріп, жинақтағанда тұтас бір ұлттың өткені мен бүгіні түгенделеді», – деді Рафис Абазов.
Алыс-жақын шетелден жиналған ғалымдар тәуелсіз мемлекеттің тарихы, Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары қоғамда кеңінен насихатталуы керек деп түйіндеді.
Майра ЖАНЫСБАЙ
Дереккөз: Айқын