ТАРИХТЫ БАҒАЛАУ ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ | «Айқын» газеті

0

Қандай ұлт болмасын оның өзіне тән тарихы бар. Ал тарихынан айырылған халықтың келешегі бұлыңғыр. Ондай халық тарих сахнасынан жойылады. Әлем тарихында уақыт өтіп, ғасырдан-ғасырға қоғам ауысқан сайын әлем халықтарының саны да азайып, тілі де жоғалып кетіп жатады. Өкінішке қарай, бұл – қазіргі заманның шындығы және заңды құбылыс.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының төл тарихын тың көзқараспен зерттеуіне жол салып отыр. Сонымен бірге, өткеніміздің ақтаң­дақтарын бөлек қарамай, жаманын да, жақ­сысын да тұтас зерделеп, көп қырлы, ауқымды тарихымызды дұрыс түсіну керегіне баса назар аударды. Елбасы «та­рихымызды зерттей білу, басқа халық­тардың рөлін төмен түсіріп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету емес. Ең бастысы, біз нақты деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дейді. Біздіңше, бұл жерде ата-бабаларымыздың кешегі заманда Еуразия аумағында ұлы империя құрған дәуірлерден алынатын тың деректерге сүйене отырып, төл та­ри­хымызды түгендеу маңызды болса керек. Ұлтымыздың өз тарихын терең білуі оны басқа халықтар мен елдерден алшақтату емес, керісінше оларды жақындастыру мен достастыру. Тарихымызды терең біліп, одан ұтымды сабақ алу – ұлт болашағы мен ел іргесін бекітуге, қуғын-сүргіндер мен қасіретті сәттердің қайталанбауына қызмет етеді. Мәселен, бір Бату хан іргесін қалаған Алтын Орда мемлекеті, оның атауы, оны мекендеген халқы, негізгі қа­рым-қатынас құралы болған тілі, тағы бас­қа да мәселелері бойынша әр түрлі көз­қарас бар. Жалпы, Алтын Орда деген ұғым нені білдіреді десек, біздіңше, ол хан отыратын ставканы білдіреді. Ол мемле­кеттің атауын, сол кездегі тілмен айтқанда, хандықты білдірмейді. Ал Алтын Орда деген сөз қайдан пайда болды деген сұ­рақ­қа, сол кездегі іргелес жатқан немесе Ор­даға тәуелді болған елдердің қойған атауы деп жауап берудің қисыны бар. Қазіргі «Кремль» десе Ресейді ұғынамыз, «Белый дом» десе АҚШ деп түсінеміз. Міне, сол сияқты Алтын Орда да хан оты­ра­тын ставка деген ұғымды білдірген. Со­нымен бірге, хан ордасының сол за­манның озық үлгісімен, жетістіктерімен салынып, ал­тынмен апталғанын ескерсек, көп нәрсені аңғаруға болады. Алып мемлекеттің бо­данында болған басқа елдер Алтын Орда деп атауына толық негіз бар. Ал оның ал­дында Жошы хан ұлысы, кейінен Бату хан ұлысы немесе хандығы деп аталғанын тарихтан білеміз. Негізгі халқы, оның ішінде билеуші топты құрған түркітілдес халықтар болды және бәріне ортақ түрік тілінде сөйледі. Бату хан қай­тыс болып, Берке хан болған тұста, хан­ның өзі ислам дінін қабылдады. Кейіннен 1302 жылы Ұлы хандыққа Өзбек хан келгенде (40 жылдай ел билеген) ислам мемлекетін жариялады.
Ұлы дала елінің ұланғайыр жері мен елдік дәстүрінің тарихына оң көзқарас қалыптастыруды ең әуелі өзімізден бастағанымыз абзал. Әйтпесе, осынау кең-байтақ жерімізге ата-бабаларымыз сырт­тан немесе басқа аумақтан ауып келгенге ұқсатып айтылатын сыңаржақ ойлар көрініс беріп қалады. Елбасы мақаласында көтерілген бүкіл мәдени жетістіктердің шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін әлемнің төрт бұрышына тарағанын айтады. Бұл тұжырымда үлкен мән жатыр. Біздің баба­ларымыз Ұлы далада өмір сүріп қана қойған жоқ, оны өзінің мәдениетімен, индустриясымен, дала заңымен қоғамдық әділетті қарым-қатынастың негізінде кең-байтақ жерді империя, яғни Ұлы дала өркениетін жасаған. Елбасы мақаласында осы екі дүниенің ара-жігін ашып беріп отыр. Ғұламалар «Тарихын білмеген халық тілінен айырылады, ал тілінен айырылған халық тобырға айналады» деп бекер айт­паған. Сондықтан тарихымызды білуге, оны терең зерттеуге бағытталған бағдар­ламалар шынайы және сапалы болуға тиіс деп ойлаймыз. Осыдан жиырма жылдай бұрын Елбасының «біз өткен замандағы батыр бабаларымыздың жасаған ерлігімен мақтанып қоймай, бүгінгі атқарылар тірлікпен мақтануымыз керек» деген сөзі бағдаршам сияқты. Тарихты білу мақтану үшін емес, еліміздің кемел болашағы үшін жасампаз еңбек етіп, оны әлемге мойын­дату деген сөз.

Мансұрхан МАХАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі