Тарихта тұңғыш рет қазақстандық шахматшы ӘЧ ширек финалына шықты
Астана, BAQ.KZ. 3-23 қараша аралығында Ханты-Мансийскіде (Ресей) әйелдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Жерлесіміз Жансая Әбдімәлік жарыстың ¼ финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Қазақстанның шахмат тарихында спортшылардың төртінші раундқа дейін жеткен жетістігі болған емес. Алғаш рет мұндай дәрежеге Жансая Әбдімәлік жетті.
«Ересектер арасында қатысып жатқан алғашқы чемпионатым. Маған оңай болмайтынын түсіндім. Себебі қарсыластарым – тәжірибелі, титулы көп спортшылар. Бұған дейін жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгілердің арасында әлем чемпионатында жеңгенмін», — деп бөлісті Жансая.
Ханты-Мансийскідегі «Угра» шахмат академиясына әлемнің 29 елінен 64 үздік спортшы Әлем чемпионы атануға жиналды. Жарыс нокаут-турнир жүйесі бойынша өтіп жатыр. Яғни, ойыншы бір рет жеңілсе, жарыстан шығып қалады. Әр раунд сайын қатысушылардың саны екі есе азая береді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ