Тарихи сананың жаңғыруы
Өткенге үңілсек, тарихты жасайтын да, жазатын да бірегей тұлғалар болғанын байқаймыз. Олар – әйгілі Білге қаған, Тұран әміршісі Темір мен оның ұрпағы Бабыр, Мұстафа Кемал Ататүрік пен Уинстон Черчилль секілді адамзат тарихында елеулі із қалдырған біртуар қайраткерлер. Саусақпен санарлықтай бұл тізімге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты да қосуға болады.
«Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақаланы оқыған соң қаймана қазақтың ғана емес, Ұлы даланы мекендеген түгел түркі жұрттарының тарихын түгендеген кемеңгердің кестелі сөзін оқып, ұлан-ғайыр дала тарихының ұзын-ырғасын, кесек келбетін айпарадай танығандай боласың. Бұл мақала еліміздің рухани қазынасын еселеп, тамырлы тарихымызды түгендеуге толайым табыс әкелген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сияқты іргелі мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасының ұлт ұясы Ұлытауда берген сұхбаты, Қазақ хандығының 550 жылдығында сөйлеген сөздерінің тұжырымы, мазмұндық жалғасы, сараланған түйіні, сонымен бірге кешенді жоспарларды жүзеге асырудың жолы, тарихты, мұраны, өнерді зерттеудің, ұрпаққа кәдеге жаратудың ілкімді тәсілі, амалы.
Әйгілі тарихшы Рене Груссе 1938 жылы жарыққа шыққан «Ұлы дала империялары» деген еңбегінде Ұлы дала ұғымын әлемдік тарихнамаға алғаш енгізсе, Елбасы өзінің әр кезеңдегі ұлағатты сөздерінде Ұлы даланың халқымыздың рәміздік киелі нысаны болғанын әйгілеп келеді. Сондықтан Ұлы дала ұғымы бүгінде Қазақстанның ұлттық кодына айналып үлгерді.
Мақалада Мемлекет басшысы Ұлы даланың қастерлі қасиеттеріне, сан түрлі қырына айрықша тоқталыпты. Шынтуайтында, Ұлы дала – кеңістіктің атауы, оның ауқымы өте кең. Алтайды кіндік жұрт санайтын алтай тілі тобына жататын ұлыстардан бастап, Байкалдан Балқанға, Мажардан Моңғолияға дейінгі алып аумақты жайлаған халықтардың бәрінің дерлік түп-тамыры, генезисі Ұлы даладан бастау алып жатыр.
Сонымен қатар Ұлы дала – өркениеттің атауы! Ал өркениеттің қатпары мен қыры, қасиеті мен қазынасы көп болары анық. Ендеше, Елбасы мақалада қазақ халқы қастерлі санайтын «жеті» санын ырымдап, символикалық мағынада қолданғандай әсер қалдырды. Көкті – жеті қат аспанға, текті – жеті атаға, байлығы мен мұрасын – жеті қазынаға, жаһанды жеті жұртқа теңейтін бабаларымыздан жеткен жеті саны мақалада Ұлы даланың жетістіктері мен адамзат тарихына қосқан сүбелі үлесін әдемі жүйелеп тұр.
Елбасы мақаласында айтылғандай, «бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткен». Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шексіз кеңістікте ғұмыр кешкен баһадүр бабалар тоқпақ жалды тарпаңды ерттеп мініп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге иелік еткен, адамзат тарихында ірі бетбұрыстар жасап, Ұлы дала өркениетін қалыптастырған. «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан жерде» пайда болып, дәуір дауылдарына шыдас берген алып емендей тамырын тереңге тартқан, ежелгі Мысыр, Қытай, Иран, Үндістан, Рим секілді іргелі елдермен қарым-қатынас орнатып, оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі Шығыс пен Батыстың, түстік пен теріскейдің арасын жалғаған Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік сауданың күретамырына, дүниежүзілік дипломатияның дәнекеріне айналған. Сондықтан ғалымдар көне көшпелілерді «жаулаушы ғана емес, өркениетті жасаушы һәм оны жалғаушы ұлт» ретінде бағалауда.
Тарихқа еуроцентристік көзқараспен қарайтындар «көшпелілер бей-берекет көшіп-қонып жүрген, оларда өндіріс орындары болмаған» деген жаңсақ ұғым қалыптастырған. Шынтуайтында, мақалада айтылғандай «біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны». Түркі өркениетінің алтын бесігі Алтайда темір қорыту бағзыдан бері бар екенін беріде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары да айқындап отыр. Түркілер арасында қара темірді қамырша илеп, болат балқытқан ұстаны киелі санау культі осылайша қалыптасқан. Ұлы даланың құдіретті әміршілері Тэмужин – Темірші, Темірлан аталуы да осы киенің сарқыты деуге болады. Сондықтан жаңа ғасырда домна пеште болат балқытып, құрыштай шыңдалған Елбасының металл өндіруді түркілердің ата кәсібі ретінде қарауы – дәстүр сабақтастығының жаңғыруы!
Елбасы Ұлы даланы түркі әлемінің киелі бесігі деуі – заңдылық. Расында, тақтары тұрмақ, аттары да алтынмен апталған қаһарлы қағандар мекені болып саналатын Берелден бастау алатын асқақ Алтай – күллі түркінің бағзы замандарда кіндік байлаған кен ордасы. Батыстағы Сарайшық пен Сығанақтың арасы, күңіренген қобызымен тіршілік атаулыны ұйытқан қасиетті Қорқыттың қонысы – бүгінде Түркия, Әзербайжан, Түрікменстанда мемлекет құрған оғыздар әулетінің берекелі бесігі. Оңтүстіктегі әзірет қонған әз қала – Түркістанға ислам дінін қабылдаған күллі түркі жұртшылығы тағзым етеді. Ертегіден басталып, Едігемен жалғасатын Ұлытау жері – кезінде Дешті Қыпшақ аталған Ұлы даланың алтын ордасы. Осы төрт қақпаның тура төрінде, Сарыарқаның белінде самұрығы самғаған, мәңгілік мұраты айқындалған Астана төрт құбыласы тең қазақ елінің ғана емес, түгел түркінің тегеурінді байтағына баланып отыр. Осының бәрі шабыты шалқар Мағжан ақынның: «Көп түрік енші алып тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» – деген сөздерінің шындыққа айналғанын айғақтайды.
Айшықты Астана бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген өрендердің басын қосып, бағын ашқан Бақордасына, жастардың қаласына айналып отырғаны ақиқат. Қазіргі елорда тұрғындары мен бүкіл Қазақстан халқы – жасы да, жасамысы да сәулет келбеті келіскен бас қаланы сөзсіз мақтаныш тұтады. Дегенмен Астана әлі жас қала болғандықтан, оның көркіне көрік қосатын ғажап ғимараттармен қатар, жас ұрпақтың рухын көтеретін, патриоттық сезімін өсіретін, рухына рух қосатын нысандар әлі де қажет-ақ. Осы орайда, Елбасы мақаласында: «…біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деп, өте өзекті мәселені алға тартты. Аталған саябақ Тұранның тұғырлы тұлғаларын келешек ұрпаққа таныстыру, сол арқылы олардың бойында әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан, тарихты жасаған ұлылармен сабақтастық бар екендігін ұғындыру тұрғысынан баға жетпес тәрбие құралына айналады деп пайымдаймыз. Өйткені біздің жастарымызға, келер ұрпаққа шамшырақ болатын, пір тұтатын брендтік тұлғалар керек. Бұл бір жағы байтағымызды түгел түркі ту көтеріп, тәу ететін киелі орынға, рухты мекенге айналдырады.
Ата тарих, баһадүр баба, шежірелі эпос, қасиетті жерлер – ұрпаққа ұдайы күш беретін энергияның қуатты көзі. Мұны миф дейміз, кие дейміз, дәстүр сабақтастығы дейміз. Ұрпақ санасына «Ашина», «Ергенеқон», «Алып Ер Тоңға», «Қорқыт» секілді аңыздар таралып, бүгінгі ұрпақпен үйлесімді үндесіп, түркі тарихын дүр сілкінтіп тұр. Мәселен, Қорқыт қаншама алыс жұрттарды аралап кеткен қадым заманның қария кейіпкері. Бірақ оның ардақты аты аталғанда Алтайдан Анадолыға дейінгі жайылған түркі жұртының жүрегі дір етіп, бір сәтте басы бірігіп, бауыр болатыны анық. Сондықтан Елбасының Ұлы дала фольклорына назар аударуы көп түйткілдің күрмеуін шешуге бағдар бола алады. Расында Ұлы даланың қаһармандық тарихы эпикалық сананы, ғажайып дастандарды тудырды. Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған киелі көкжал бөрі бертінгі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып көтеріледі, Шалкиіз жырау мен Мөңке биде көкжалдарды бастайтын абадан тұлғасында сомдалады. Осылайша қасиетті ұғымдар алыс ғасырлардан жетсе де, бір-бірінен шалғай өңірлерде жырланса да үндес, сарындас. Міне, осы түркі кодындағы сабақтастықтың сырын сақтаған алып кеңістік – Ұлы дала, ал уақыт ата-бабадан жалғасқан ұрпақтардың өмірі деуге де болады.
Елбасы Ұлы дала елінің этногенезіне мән беруі тегін емес. Бұл киелі ел шежіресі мен жер шежіресінің тоғысар түйіні. Антрополог, академик Оразақ Смағұлов ұзақ жылғы зерттеулері арқылы Ұлы далада қазақ елінің табаны таймай төрт мың жылдық генетикалық өмір-тіршілігі жалғасқан деп қорытынды жасайды. Қазақ шежіресінде, әпсана-дастанында даланың мыңжылдық рухани тарихы қамтылғаны соның айғағы.
Ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады десек, ХХІ ғасырда кескін-келбетімізді сақтап, ұлттық код, ұлттық мәдениет, тарихи жадыны жаңғырту – еліміздің рухани өміріндегі тың белес. Ендеше бұл бағдарламалық мақала тарихшылар үшін жаңа мүмкіндіктер мен ізденістерге ауқымды жол ашып отыр. Ендігі жерде біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – мақалада айтылған бағыт-бағдарлар мен ұтымды ұсыныстарды, кешенді жобаларды жайдақ жиындарға айналдырмай, жүйесін тапқан мазмұнды жұмыс жүргізу болмақ. Тағы бір ескеретін жайт, алда атқаратын ауқымды жұмыстардың барысында жалаң ұраншылдыққа ұрынбаудың, оны түрлі тайпалардың шежіресін тарқатушылар мен ұлы тұлғалардың бәрін «қазақтан шыққан» деп қисынсызды қиыстыратындардың спекулятивтік науқанына айналдырмаудың да маңызы зор.
Оның үстіне, ауқымы кең болғандықтан, бұл жұмыстарға Ұлы дала ұғымындағы алып аумақты алып жатқан тамырлас, туысқан елдердің де ғалымдарын, ғылыми-сарапшылық әлеуетін тартқан жөн. Мұның «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы бола тұра, одан негізгі айырмасы һәм ерекшелігі де осы болуы тиіс. Әсіресе «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны жүзеге асыру және Астанада 2019 жылы Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізу ісі – Қазақстанның әлемдік түркологияның орталығына айналуына мүмкіндік береді. Осы орайда Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқаруға әзір екендігін атап өткім келеді.
Ұлы даланың тарихы сөз болғанда айтпай қалмауға болмайтын келелі жайттың бірі – келер жылы 750 жыл толатын ұлы Талас құрылтайы. Талай мемлекеттер ту көтерген киелі Талас жерінде 1269 жылы Қайду ханның шақыруымен құрылтай өтіп, Ұлы далада Жошы Ұлысы (Алтын Орда), Моғолстан және Шағатай Ұлысы бой көтерген еді. Сондықтан келесі жылы Арқа төсіндегі Алтын Орда мен Жетісу жеріндегі Моғолстанның құрылуының да 750 жылдығы! Бұл ұлыстардың қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің де бастауы екенін ескерсек, аталған құрылтайды жоғары деңгейде атап өту – қазіргі Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығына да зор серпін берері анық.
Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту салтанатында: «…біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы даланың мұрагерлеріміз! Осынау кең-байтақ Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы дала!» деп айтқан еді. Осы сөздердің жалғасы іспетті болған бағдарламалық мақаласы арқылы Елбасы Ұлы даланың ұлағаттарын тағы бір айқындап берді.
Байқал мен Балқанның, Алтай мен Анадолының, Моңғолия мен Мажарстанның арасындағы Ұлы далада байырғы бабалардың өнегелі ізі мен өміршең сөзі сайрап жатыр. Оның үстіне әлем бізді түркі жұртының алтын бесік – қара шаңырағы, Қазақстан Президентін де түркі жұртының көшбасшысы деп танитыны белгілі. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы болашақта ұлттық коды мен түпкі тарихы бір, тағдыры мен тамыры ұқсас, мақсаты мен мүддесі бір бауырлас халықтар арасын жақындастыратын, ағайын арасына алтын арқау болатын іргелі жобаға айналады деп сенеміз. Алаштың ақ парағына жазылған Елбасы мақаласы түркі жұртының рухани ұстыны, адастырмас темірқазығы, Ұлы Даланың Ренессансы болары анық!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ