Тарихи сананы жаңғыртудың жаңа көкжиектері
Кеше «Достық үйінде» Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен «Тарихи сананы жаңғырту аясындағы қазіргі заманғы гуманитарлық білім мен ғылымның жаңа көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған жиын Философия, саясаттану және дінтану институтының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды. Басқосуға бірқатар қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы ақшамы басылымының дерегіне сүйене отырып.
Конференция қазақстандық әлеуметтік ғылымдардың тарихи жолын, мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру бойынша негізгі нәтижелер мен болашағын зерделеу мақсатын көздеді.
Конференция қазақстандық философия мектебі: қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа көкжиектері, Қазақстанның өзіндік ерекшелігін қалыптастырудағы саясаттану ғылымының рөлі, қазіргі заманғы дінтанулық зерттеулер: әдіснамасы, тәжірибесі және келешегі атты үш секция ауқымында өткізілді.
Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижанов оның тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныстырып, қазіргі таңда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында жүзеге асырылып жатқан іргелі істерді атап өтті. Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асқар Жаркенов ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын, ал Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің жылы лебіздерге толы құттықтау хатын институт басшысына табыстады. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Абай атындағы педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев және тағы басқалар институт ұжымын құттықтап, егемен еліміздің дамуындағы оның қосқан үлесі үлкен екендігін атап өтті.
1958 жылы отандық Ғылым академиясының құрамында құрылған Философия, саясаттану және дінтану институты сол кезде Философия және құқық институты болып аталған және диалектикалық логика, құқықтану және ғылым әдіснамасы салаларында ірі зерттеулер жүргізген. Ғылымның осы салаларындағы елеулі жетістіктердің арқасында институт ССРО-да және одан тыс жерлерде кеңінен танылды. Институттың жұмысы С.З.Зиманов, Ж.М.Әбділдин, М.Т.Баймаханов, А.Н.Нысанбаев тәрізді академиктердің және тағы басқа әлеуметтік-гуманитарлық білім саласындағы көптеген белгілі мамандардың есімдерімен тығыз байланысты болды. Бүгінгі таңда институт Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілгендей, қоғамдық сананың жаңа бағдарларын ғылыми тұрғыда негіздеуді өзіне міндет етіп қояды.