Тарихи сана тұғыры – ұлттық болмыс

0

«Egemen Qazaqstan» газетін­де жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға!

Желмен жарысқан жүй­рік­ті қолға үйретуімен ата-баба­­л­арымыздың адамзат өрке­ниетіне үлес қосқаны белгілі.

«Ер қанаты – ат» деп білген Алаш баласы әр сөзінің астарын атпен сабақтайды. Айтар ойын атпен байланыстыра бейнелейді.

Жылқы мінезді жұрттың адам ұғлының мінезін, өмірі­нің әрбір белесін, тұлғаның қа­лыптасу кезеңдерін жыл­қы­мен қатыстыра сурет­теуі – бұл құбылыстың дүниетаны­мымызға қаншалықты сіңісті болғанына дәлел.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни, сөзінің мәніне бойлаған ел өзінің бол­мысын танымақ. Атты әспет­теу – болмысыңды зерделеу. Сондығымен де, осы мақаланың меңзері алыс, мәні терең.

Ұлттық код, генетикалық жадыңның бір ұшығы, қордалы қоры осында жатыр. Дәлелге тартсақ, мысалда қисап жоқ. Дегенмен, еске түскен бірен-саран тіркестерді тізіп көрсек.

Қоғамнан орын таппаққа бет алған жанды қазекең «ат жалын тартып мінді» десе, мансапқа қолы жеткенді «атқамінер» дейді. Ұшқыр (бұл да атқа қа­тысты сөз) ойлы жанды «ат сүрін­­генше ақыл тапқан» деп, бар­­шаның көңілінен шық­қан кісіні «су төгілмес жорға» дейді.

Билік алғанды «екі тізгін, бір шылбырды қолына алған» десе, әріптесіне «үзеңгі жолдас» деп ат қойған.

Сыйы асып, елге еңбегі өт­кен егде кісінің қадіріне байланысты «жақсы аттың жағын ашпайды» дейді.

Ақылы асқан жасты «та­йын­да тұлпардан озған» деп бейнелейді. 

Өзі біліп, іс қылғанды «қам­шы салдырмас» десе, ісі баяу жайбасарды «шабан» деген.

Істің байыбына бойламайтын, шала шешімді «ат үсті» деп атап, аңқауды «астындағы атын алты ай іздеген» деп қағы­тады.

Ала қотырын үйірге жұқ­тырған кеселді малдай бүлік­шілді «ел ішін алатайдай бүл­дірген» деп сипаттаса, кетіс­кен жанды «ат құйрығын кесісті», табысқан жанды «ат айналып, қазығын тапты» дейді.

Ақылы шолақты «ат құла­ғынан әріні көрмес» десе, әр нәрсеге орынсыз ұрынған сұға­нақты «соқыр құлын аттан емшек іздейді» деп әжуалайды.

Ештеңе жақпайтын, қана­ғаты кем, шүкірсіз жанды «аты к..тін, к…ті атын жақ­тырмас» деуі анайылау болса да, айызды қандырғандай тіркес.

Өнер оздырғанды «ақтаң­гер», бәсі жоғарыны «шоқтығы биік», жарысты «бәйге», талас­ты «дода» деуі, бәрі-бәрі – жыл­қымінез халықтың болмысы­мен біте қайнасып кеткен ұғымдар.

Берекені «ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп суреттейді.

Айыбына ат-шапан беріп, бәсіреге тай атап, құрметтісіне ат мінгізу – бұл сөз ғана емес, сан ғасырдан жеткен салт еді.

Ұлттық ойындарымызды да атсыз елестету әсте мүмкін емес. Бәйгеңіз де, аударыспақ, көк­парыңыз да, теңге ілу мен жам­бы атуыңыз да ат үстінде өтеді.

Санаға сіңісті болған сөз орам­дары – ұлттық болмысың­ның ұстыны. Ат айбарым ғана емес, адамзат өркениетінде орнымды көрсеткен айғағым.

Аяғы жерден көтеріліп, атқа қонған қазақ ешкімге кеудесін бастырмаған. Тағы да атқа қоныппыз.

Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнық­пасы белгілі. Ал тарихи сана­ның тұғыры қашанда ұлттық болмыстан.

Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақаласы­ның негізі өзегі деп түсіндік. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет.

Бекболат ТІЛЕУХАН,

Мәжіліс депутаты

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз