Тарих қателікті кешірмейді
Қазақ өзінің түбі түркі екенін жақсы білгенімен, сол түркілердің қайдан және қашан шыққанын біле бермейді. Өйткені оның негізгі себебі − тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі төрт ғасырға жуық уақыт толассыз соғыстармен, отаршылдар мен Кеңес мемлекетінің халқымыздың жады мен тарихын бұрмалау мен оларды құртуға бағытталған жымысқы саясатымен өтті.
Сондықтан «мың өліп, мың тірілген» халықтың тарих сахнасынан жоғалып кетпей, қысқа мерзімде есі мен етегін жиып, іргелі мемлекет құрып, әлемге танытып, болашағына нық сеніммен қарайтын елге айналғанына шүкіршілік етеміз.
Енді міне егемендігіміздің арқасында, жоғалып, шашылып, ұмыт болған, сан рет бұрмаланған тарихымызды түгендеп, ондағы ақтаңдақтардың орнын толтырып, жаңғыртатын кезеңге де қолымыз жетті. Бұл жұмыстар ойдағыдай атқарылып, нәтижелі болатынына біздің сеніміміз мол. Өйткені Елбасымыз бұл мәселелерді шешуге бастамашылық жасап, өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, халқымыздың санасын оятатын, ата-бабаларымыздың тарихына тікелей бет бұрғызатын, түркілердің адамзат өркениетіне қосқан үлесі мен орнын анықтауға арналған, «Рухани жаңғырудың» жалғасы болып табылатын бағдарламасын жариялады.
Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясында жарық көріп, өткен жылдың 30 қарашасында Елбасымыздың кітапханасында таныстырылып, оқырманға жол тартқан Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-тауарих» (Тарихтар жинағы) атты кітабының рөлі ерекше болады деп ойлаймыз. Олай дейтін себебіміз, жеті жүз жыл бұрын парсы тілінде шыққан, кезінде әлем оқымыстылары мойындаған және ортағасырлық энциклопедия ретінде танылған «Жамиғ-ат-тауарихта» түркілер тарихы мен солардың арасынан шыққан Шыңғыс (Шыңғыс хан деген ат оған 602 хижри жылында өткен Ұлы құрылтайда берілген. «Шың» түркі-қадымша сөзі, қазақшасы шыңдалған, күшті және берік дегенді білдіреді; «Шыңғыс» – «Шың» сөзінің көпше түрі, күштіден де күшті және Ұлы патша дегенді білдіреді) хан мен оның ұрпақтары туралы аса маңызды мәліметтер мен өте құнды деректер келтірілген.
Өкінішке қарай, ол деректерді біздің халқымыз осы күнге дейін білмей келген. Оның себебі жоғарыда айтылған «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заманның, отаршылдық пен тоталитарлық саясаттың нәтижесі екені белгілі.
Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе – түркілердің тарихы жазылған осындай аса құнды кітапты бізге дейін ана тілімізге ешкім аударған жоқ. Өйткені «Жамиғ-ат-тауарихтың» орысша аудармасында қателер, бұрмалаулар өте көп кездеседі. Мәселен, Шыңғыс ханның шыққан тегі мұғул өзгеріп, «моңғолға» айналып кеткен, сонымен қатар адам, жер, су атаулары да, көптеген сөздердің де мағынасы адам айтқысыз өзгерген. Соның салдарынан Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары моңғол болып шыға келген. Бұл бұрмалау мен өзгертулер өз кезегінде көптеген қателікке, жаңсақ пікірлерге және пайымдауларға негіз болып келген.
Осы тақырыптың төңірегіндегі тарихи шындықты анықтау мақсатында біздің жасаған әрекеттеріміз нәтижелі болды. Алдымен біз «Жамиғ-ат-тауарихтың» дүние жүзі тілдеріне (француз, ағылшын, орыс және қытай) аударылған нұсқаларымен таныстық. Салыстырып көргенде, олардың бір-біріне ұқсамайтынына, әрқайсы әртүрлі нұсқалардан аударылғанына және олардың толық емес екеніне көзіміз жетті. Ең бастысы – мұғул сөзінің моңғолға айналғанының саясаттан басқа да себептерін таптық. Ол, көпшілік біле бермейтін, парсы мен араб тілдері әліппесінің өзгешеліктеріне және түркі тіліндегі сөздердің парсы тілінде айтылуы мен жазылуындағы өзіндік ерекшеліктеріне байланысты болып шықты. Жоғарыда аталған тілдерге аударылған нұсқаларда парсы әліпбиіне тән «ч,г,ж,п» әріптері мен сөздерді дәл оқу үшін қойылатын арнайы «замма, фатха, касра сүкун» деген белгілердің болмағаны дәлелденді.
«Жамиғ-ат-тауарихтың» парсы тіліндегі түпнұсқасының дәлме дәл көшірмесі болып саналатын 1994 жылы Тегерандағы «Ал-Барз» баспасы шығарған 4 томдық кітапты біз Иран мемлекетінің Ұлттық кітапханасынан таптық,оны елге алып келіп, қазақшаға аудардық. Кітаптағы әрбір сөзді, сөйлемді, деректерді, жер, су атаулары мен адам аттарын ана тілімізге мүмкіндігінше толық әрі дәл жеткізуге тырыстық. Бұл талаптарды мейлінше сақтап, кітаптың бір де бір сөйлемін қалдырмауға, толық және сапалы етіп аударуға тырыстық, қажет болған жағдайда түсініктемелер мен сілтемелер жасалды, түркі-мұғул сөздерінің түсіндірме сөздігі мен аудармаға кітаптың парсы тіліндегі факсимилесі де қоса берілді.
Аталған кітап барша оқырманға әлі жете қойған жоқ, өйткені оның таралымы тым аз − бір мың дана ғана. Ол кітап оқырманға жеткен күнде де, көлемі өте үлкен болғандықтан, оны оқып шығып, ой елегінен өткізуге және пікір айтуға бір шама уақыт керек. Дархан Қыдырәлінің тұсаукесердің алдында шыққан шағын мақаласы кітаптың толық сырын аша алмайтыны белгілі. Сондықтан Академия басшысы «Egemen Qazaqstan» газетінің оқырмандарына кітапта келтірілген деректердің ең маңыздыларын жеткізуді жөн көрдік, олар:
Түркілердің кіндік жұрты тек Алтай ғана емес, негізінен Алатау мен Қаратау, өйткені түркілердің атасы Абулжа (Яфес) ханның ата қонысы Алатау мен Қаратаудың қойнауындағы Талас пен Сайрамның аралығы болған; қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан түркілер сол жерден тараған; Аллаға (Тәңірге) сенім де алғаш рет сол жерде пайда болған; осы аймақтарда ол заманда өте көне және үлкен қалалар орналасқан (Сайрам, Тараз, Инанж және Жаңакент); сол төңіректе Түркібасы, Түркістан, Тәңіртау, Қарақорым, Ханқорған, Мыңбұлақ деген жер, су, тау атаулары сол заманнан қалған; Арыстан баб, өзге де сансыз бабтар, Қожа Ахмет Ясауи сол өңірде өмір сүрген; Хандарымыз,билеріміз бен батырларымыз сол Түркістанда жерленген.
Абулжа ханның ұрпақтарынан әр дәуірде көптеген патшалар шыққан, олардың Селжұқ деп аталатын әулеті Тұран, Иран мен Мысырдың алыс аймақтарынан Қытай шекарасына дейінгі халықтарды төрт ғасырдан артық билеген.
Әлемді үш ғасырдан астам билеген алып империяның негізін салушы Ұлы қаған Шыңғыс хан түркілердің Ергенеқондағы өсіп-өнген мұғул атты руының Қият атты тармағынан тарайды.
Ғалымдардың бір бөлігі Ергенеқонды Алтайда, екіншілері Тувада, үшіншілері Еділ-Жайықта және басқа жақтарда деп санайды.
Сол Ергенеқон мен Берел деген алқаптың Iле мен Шу және Талас өзендерінің аралығында орналасқандығы туралы деректі біз 1789 жылы Нюрнберг қаласында шыққан Ф.Л.Гюссфельдің көне картасынан жақында ғана тауып алдық. Бұл дерек Шыңғыс хан мен оның ата тегінің тарихына басқаша көзбен қарау керектігін дәлелдейді.
Бұл ретте «Жамиғ-ат-тауарихтың» 2-ші томының 189-190 беттерінде мынандай бір өте құнды дерекке назар аударған жөн: «Шыңғыс хан тәжіктер елінен өзінің ата жұртына қайта оралып, өзінің негізгі қонысы мен ордаларының шекарасына жеткен кезде, оның алдынан он бір жастағы Құбылай хан және тоғыз жастағы Хұлағу хан шықты. Дәл сол кезде Құбылай хан қоянды, ал Хұлағу хан киікті ұйғырлар уәлаятына жақын жердегі наймандар уәлаятының шекарасындағы Матамил Қужинға жақын маңдағы Хила (Iле) өзенінің арғы жағындағы Айман hүй (Айман үй) мекенінде атып алған еді».
Осы деректерден Шыңғыс ханның ата қонысы мен ордасы Iле өзенінің сол жағалауында болғандығын көреміз.
Iле, Шу, Талас өзендерінің Жетісу өңірінде орналасқанын жұрттың бәрі біледі. Ал дәл осы өңірде және оған жақын аймақтарда Қаңлы мемлекеті, эфталиттер патшалығы, Батыс Түрік қағанаты, Қарахан мен Қазақ хандығы пайда болғандығы тарихтан белгілі. Ал 1970 жылы Iленің сол жағалауындағы Есік қорғандарының бірінен Қазақстан Республикасының ұлттық символына айналған «Алтын адам» табылғаны әлемге әйгілі.
Бұл деректер «Жамиғ-ат-тауарихтағы» мәліметтерді мемлекет деңгейінде терең зерттеудің қажет екенін көрсетеді. Жетісу аймағына, Түркістан және Жамбыл облыстарына арнайы экспедиция шығарып, ондағы бұрыннан белгілі қорғандар мен көне қалалардың орындарында археологиялық қазбалар жүргізіп, архивтерден,көне кітаптардан, көне карталардан және басқа да деректерден тың мәліметтер жинап, оны сараптап, тарихты қайта жазу керек деп ойлаймыз.
Елбасының мақаласынан туындайтын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылатын жұмыстардың ауқымы өте үлкен. Оған бүкіл түрік дүниесін және көптеген елдерді жұмылдыру қажет. Жер-жерде қазылып, табылып жатқан тарихымызға қатысты аса құнды жәдігерлерді де сақтап, зерттейтін орталықтың да қажеттігі туындайды. Осы және басқа да жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру үшін арнайы министрлік құрылса дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Ержан ИСАКУЛОВ,
саяси ғылымдар докторы,
Зәріпбай ОРАЗБАЙ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі
Дереккөз: http://egemen.kz/