Тарифтер жаппай төмендемек | «Айқын» газеті

0
80

Алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында жария етілді. 

Ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Елбасының 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тарифтерді төмендетуге және тариф қалыптастыру ісінің айқындылығын күшейтуге қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.
Оның айтуынша, 12 қарашадан бастап, барлық өңірде халықпен кері байланысты жолға қою жұмысы ұйым­дастырылған. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясының, әкімдіктердің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін және жур­на­листерді шақыра отырып, ТКШ са­ласындағы түйткілді мәселелер бойынша 102 қоғамдық қабылдау өткізілген. Бұл қабылдаулар жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысып, арыз-шағымын жеткізген. Бұдан бөлек, «қа­уырт желі» телефондары ұйымдастырылған.
– Келіп түскен өтінімдер мен арыз-шағымдарды қарау қорытындысы бойынша сондай-ақ монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтап, оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында 55 монополисті жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Тағы 15 жоспардан тыс тек­серіс басталу сатысында тұр, – деді С.Жұманғарин.
Вице-министр қазіргі кезде қолға алынған шаралар арқасында барлық өңірде коммуналдық қызметтердің, со­ның ішінде сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау, жылумен және газбен қамту тарифтері төменде­тілетінін мәлімдеді.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы 20 желтоқ­сандағы жағдай бойынша үш өңірдің тұрғыны үшін жылу тарифтері төмен­детілген. Нақтырақ тоқталсақ, жылу құны Ақмола облысында – 36,8%-ға (үйдің шаршы метрі үшін 116,1-ден
73,4 теңгеге дейін), СҚО-да – 1,1%-ға (114,7-ден 113,4 теңгеге дейін), Семей қала­сында (ШҚО) 2,8%-ға (70,1-ден 68,2 теңгеге дейін) арзандапты.
Бұған қоса, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, қалған 14 өңірдің тұрғындары осы игілікке қол жеткізбек. Бұл ретте ең аз төмендеу Қарағанды облысында – 2,2%, ал ең жоғарысы Түркістан облы­сында 15,3%-ға дейін. Нәтижесінде, ха­лықтың жылумен қамту қызметінен үнемдейтін қаржысы шамамен 6 мил­лиард теңгені құрайды.
– Бұған дейін шекті тарифтер аясын­да 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, бар­лық өңірде қызметтің бүкіл бес түрі бойынша (су, кәріз, электр, жылу және газ) тарифтердің қымбаттауын жос­парлаған едік. Енді антимонополиялық органның және жергілікті атқарушы органдардың табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты жүргізген бір­лескен жұмысының нәтижесінде 1 қаң­тардан кейін тарифтер көтерілмей, керісінше, төмендейді деп күтіп отыр­мыз, – деді Серік Жұманғарин.
Оның мәліметінше, алдағы 1 қаң­тардан Ақтөбе облысының тұрғындары үшін жылу тарифін 10%-ға (шаршы метріне 129,25-тен 116,33 теңгеге дейін) төмендету көзделген. Бұған қоса, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның жылу энергия­сын өндіру қызметіне өтемдік тарифтің бекітілуіне орай, жылу тарифі 2019 жыл­ғы 1 ақпан­нан бастап, тағы 10%-ға (116,33-тен 104,7 теңгеге дейін) арзан­дауы күтілуде. Осылайша, жалпы алған­да, 2019 жылы Ақтөбеде жылу тарифі 19%-ға (129,25-тен 104,7 теңгеге дейін) кемуі тиіс.
Сумен жабдықтау саласында қазірдің өзінде Жамбыл облысында су тарифі 22%-ға (текше метрі үшін 52,3-тен 40,8 теңгеге дейін) қысқартылды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған 16 аймақта тұрғындар үшін тарифтер 3%-дан 22,7%-ға дейін төмендемек.
Елбасының қатаң сынынан кейін газбен жабдықтау саласында да бой бермей кеткен тарифтің беті бермен қарауда. Ұлттық экономика министрлігі келесі жылдың 1 қаңтарынан бағаның төмендеу деңгейі 3,3%-дан 17,5% ара­лығында болатынын мәлім етті. Соның ішінде алматылықтар үшін газ бағасы енді 12%-ға (текше метрі үшін 29,8-ден 26,2 теңгеге дейін), Шымкент қаласы мен Түркістан облысында – 6%-ға (30,7-ден 28,9 теңгеге дейін), Жамбыл облы­сында 6%-ға (24,3-тен 22,8 теңгеге дейін) арзан болады. Сөйтіп, газбен жабдықтау қызметтеріне шығындалатын халық қаражатының шамамен 5 миллиард теңгесі үнемделмек.
Бағасы тоқтаусыз басқа шауып, төске өрлеген электрмен жабдықтау қалың бұқараның қалтасын қағатын бір сала екені жасырын емес.
– Күні кеше ғана Энергетика ми­нистр­лігі стансалардағы бағаның төмен­дегені туралы ақпаратын жариялады. Жүргізілген жұмыстар арқасында энер­гиямен жабдықтаудың түпкілікті тұ­ты­нушыға арналған бағасын стансадан кейінгі тізбек бойынша төмендету мүм­кіндігі пайда болды. Өйткені электр энер­гиясының бөлшек бағаларында­ғы стансалардың үлесі 60%-ға дейін же­теді, – деді вице-министр.
Айтқандай, 2015 жылы бекітілген бесжылдық шекті тариф аясында электр энергиясын өңірлер арасында сым желілермен жеткізетін KEGOC АҚ-ның тарифінің де 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12%-ға, яғни 2,4-тен 2,8 теңге/кВтсағатқа дейін қымбаттауы жоспар­ланған көрінеді. Дегенмен сынға ұшы­раған Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті KEGOC АҚ-мен келіссөз жүргізіп, тарифті өсірмей, сол қалпында 2,4 тг/кВтасағат деңгейінде қалдыру туралы уағдаласыпты.
Жаңа жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде халық үшін электр қуатының бағалары төмендейді деп күтілуде. Арзандау ауқымы 1,7%-дан 22,32%-ға дейінгі аралықты қамтиды. Соның арқасында электрмен жабдықтау қызметінен ел 7,8 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемдемек.
Бизнес, яғни заңды тұлағалар үшін электр энергиясының бөлшек бағалары 8 өңірде 1,7%-дан 18%-ға дейін төмен­демек. Сөйтіп, тұтынушылардың жалпы қаражат үнемдеуі электрмен жабдықтау саласында шамамен 14,5 миллиард теңгені құрайды.
«Айта кету керек, тарифтердің осы арзандауы халықтың ай сайын комму­налды қызметке төлейтін орташа төлем чегінің көлемін төмендетуге жол ашады. Мәселен, ауданы 60 шаршы метрлік 2 бөл­мелі пәтерде тұрып жатқан, үш адам­нан құралған отбасының төлем қа­ға­зындағы сомасы былайша кемиді: Алма­ты қаласында мұндай отбасы орта есеп­пен коммуналдық қызметтерге 14 483 тең­ге шығындап келсе, 2019 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап, орташа төлемі 13 128 теңге болады немесе ай сайын 1 353 теңгеге азаяды. Астанада орта есеппен ­комму­налдық қызметтер үшін төлемі 10 666 тең­ге болса, алдағы 1 қаңтардан орташа 9 604 теңгені құрайды немесе ай сайын 1 062 теңгеге төмендейді, – деді С.Жұманғарин.
Шымкентте 60 шаршы метрлік үйдегі бұл үнемдеу айына 1 340 теңгеге, Ақ­төбеде – 1 068 теңгеге, Оралда – 1 035 тең­­геге, Қызылордада – 865 теңгеге, Та­разда – 806 теңгеге, Өскеменде – 313 тең­геге, Петропавлда 383 теңгеге жетпек.
Вице-министр бұдан былай комму­налдық тарифтер көлемі монополистер жұмысының сапа, сенімділік және тиімділік көрсеткіштеріне байланыс­тырылатынын да қосты.

Елдос СЕНБАЙ

Дереккөз: Айқын