Тәрбиешінің баланың басына домбыра лақтырғаны рас па: Желіде тараған видео қызу пікірталас тудырды
Желіде Алматы облысында кішкентай баланың басына домбыра тиген сәттің видеосы тарады. Кадрда оған музыкалық құралды нақты кім лақтырғаны көрінбейді. Алайда желідегілер мұны балабақша тәрбиешісінен көруде. Аталған жайтқа қатысты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бейнебақылау камераларына түсіп қалған видео кадрларынан орындықта бір қатарда отырған балаларды көруге болады. Сол сәтте олардың бірінің басына ойыншық домбыра тиеді. Артынша жан даусы шыққан балаға жас келіншек жақындап, құшақтай бастайды. Әлеуметтік желідегі жазба авторының сөзінше, бұл жайт 28 сәуір күні Қарасай аудандық балабақшалардың бірінде болған. Сондай-ақ жазбада баланың ауыр бас сүйек-ми жарақатын алып, ауруханаға түскені де айтылады. Бұл кадрлар желіде қоғамдық резонанс тудырды. Көпшілік балаға домбыраны тәрбиеші лақтырған деген пікірде. Олар мұндай қызметкерлер балабақшада жұмыс істемеуі қажет деп санайды. Сол арада Алматы облыстық полиция департаменті баланың жарақат алып, ауруханаға түскені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство баланың ата-анасының тәрбиешіге ешқандай шағымы жоғын оны жазбаша нұсқада растағанын да хабарлады. «Қарасай аудандық полицейлері тиісті тексеріс жүргізді. Балабақшада 1 мамырға арналған салтанатты шараға дайындық жүріп жатқан. Домбыра жеңіл материалдан жасалған ойыншық болып шықты. Тәрбиешінің сөзінше, домбыра баланың басына байқаусызда түскен. Мәселе сол жерде шешілді. Баланың ата-анасы балабақша қызметкеріне ешқандай шара қолданбау туралы жазбаша өтініш тастады», — деді өңірлік ПД баспасөз қызметінде. Ведомство сонда да балабақша басшылығына өз қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылғанын еске салды.