«Тәрбием мен түсінігімде әурет жерлерді ашып жүру деген жоқ»: Үш баланың анасы мықты бодибилдерге қалай айналды — Қазақстан жаңалықтары

0

Дина Баймахан — Республикалық IFBB бодибилдинг федерациясы 2019 жылы өткізген чемпионатта «Фитмодель» номинациясы бойынша жеңіске жеткен ару, әлемдік деңгейде өнер көрсетуді мақсатына айналдырған спортшы. Қазақстанда бодибилдингтен өткен Grand-prix Invictus 2019 атты чемпионаттың жеңімпазы. Спорттың ерекше түрімен айналысатын қазақстандық әйел Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне отбасылы бола тұра, бодибилдер болу туралы шешімді неліктен қабылдағанын, оны көргенде қоғамдық орындардағы адамдардың реакциясы қандай екенін және ұят болады туралы не ойлайтынын айтып берді. 

Дина, бодибилдингпен неліктен айналыса бастадыңыз?

Үшінші баламды босанғаннан кейін салмағым 42 келіге түсіп, қатты азып кеттім. Айнаға қарағанда үш ұлға өмір сыйлаған көрікті әйелді көргім келетін, алайда бейнем көңілімнен шықпайтын. Әдетте адамдар спортпен артық салмақтан арылу үшін айналысады. Ал, мен керісінше, кішкене салмақ қосып, дене бітімімді ретке келтіру үшін фитнес орталыққа барып жаттыға бастадым. Бір күні бодибилдингпен айналысатын қыздарды көріп, олардың дене бітіміне қызықтым, спорттың осы түрі жаныма жақын болып көрінді. Бодибилдер боламын деген шешімді қабылдаған кезде қателеспегеніме бүгінгі күні көзім жетіп жатыр. Бодибилдингпен төрт жыл көлемінде айналысып жүрмін, оның ішінде екі жылы кәсіби дайындыққа жұмсалды.

Бодибилдингпен айналысамын дегенге ата-анаңыз, жақындарыңыз қандай әсерде болды?

Балалары мен жолдасының жағдайын жасап, үй шаруасымен жүрген адам, бодибилдингке уақыт таппай қалар, қалай болады екен деп уайымдаса да, спорттың осы түрімен айналысамын дегенде қарсы шығып, райымнан қайтаруға тырысқан жоқ.  Дегенмен, отбасылы адам болғандықтан, бодибилдингке қатысты көздеген мақсатыма жететініме жүз пайыз ешкім сенбеді. Ал мен өзіме деген сенімділігімді жоғалтқан жоқпын. «Қолыңнан келмейді», «Ол сенікі емес» — деп төменге тартушылар баяғыдан бар. Арман орындалуы үшін қандай жағдай болмасын, алға қойған мақсатқа жету керектігін жақсы білемін. Басқа адамдар сенбесін мейлі, олардың сөзіне мән бермеу қажет. Бастысы, жақындарыңыз қолдау көрсетуі тиіс. Ең жақын адамдарымның көрсеткен қолдауының арқасында мен өз мақсатыма жеттім. 

Қоғамдық жерлерде  халықтың, әсіресе, ер адамдардың сізге деген көзқарасы, реакциясы қандай? 

Қарапайым өмірде дене бітімім көзге түсіп, ерекшеленіп тұрмайды. Бірақ байқауға дайындалғанда денені «құрғату» кезінде бұлшық еттерім қатты шығып, сырт көзге білініп тұрады. Байқаудан кейін дене қарапайым қалыпқа қайтып келгенше біраз уақыт керек. Осындай сәттерде қалада шымыр денелі бойжеткеннің қыдырып жүргенін көрген жұрт әртүрлі пікір білдіреді. Желіге сурет салсам да әркім өз ойын жеткізуден жасқанбайды. Тартымсыз, ажарсыз деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен олардың сөзіне мән бермеуді үйрендім. Мен өзіме ұнаймын және сүйікті ісімнен ләззат аламын. 

Сізді бодибилдингке қатысып, байқаудың сахнасына жартылай жалаңаш шығып, өнер көрсеткеніңіз үшін ұялтуға тырысқандар болды ма? 

Бодибилдинг Қазақстанға қарағанда басқа елдерде жақсырақ дамыған ғой. Сондықтан спорттың осы түрін елімізде дамытып жүргені үшін халықаралық IFBB бодибилдинг федерациясының Қазақстандағы өкілі Александр Колюкаға дән ризамыз, үлкен рахмет айтамыз. Біздің менталитетпен елде  бодибилдер болу қиындау. Шомылуға арналған киімді киіп шығып, түрлі тұрыстарды көрсететінімді білгенде үш баланың анасысың, неге жартылай жалаңаш шығасың деп дөрекілік танытады. Бірақ бұл — гимнастика, жүзу, шолақ шалбар киіп жүгіру сынды спорттың түрі. Қарапайым өмірде мен ашық-шашық киінбеймін. Шомылуға арналған киімді киіп, далаға шықпаймын, тәрбием мен түсінігімде әурет жерлерді ашып жүру деген жоқ. Кейбір адамдар, қысқа киім кигенде тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлайтын шығар, бірақ менің ұстанымым бөлек. 

Әйел адам нәзік болып жүруі керек, бұлшық еті шығарып, ер адам сынды жаттығу, шымыр болу жат дүние деген ортақ пікір бар. Келісесіз бе? 

Әйелден барлық әлем нәр алады. Ол — асыл ана, аяулы жар, отбасының ұйытқысы. Сондықтан әйел адам әрдайым нәзік болуы тиіс деп санаймын. Алайда, бес саусақ бірдей емес, адамды сыртқы келбетіне қарап сөгудің қажеті шамалы. Болмысы нәзік қыздардың барлығы керемет ана, жақсы әйел, ал ер мінезді арулар жанұяны бақытты етуді білмейді деп дөп басып айта алмаймыз.

Егер бодибилдингпен айналысатын қыздардың сыртқы келбеті ұсқынсыз деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Басқа адамдарға сүйкімсіз болып көрінетін шығар, бірақ оларға өзінің түрі, дене бітімі ұнайды — бастысы осы ғой. Оның үстіне, мен өзімді және өзге де бодибилдер қыздарды ұсқынсыз, ажарсыз деп ойламаймын. Әйтсе де, спортшылар бірінші кезекте өзінің табиғатын ұмытпай, дене бітімін аса қатты өзгертіп, түсініксіз бірнәрсеге айналудың қажеті жоқ екенін ұғынуы тиіс. Шекарадан аспау қажет. Бодибилдинг әйелдерді бұлшық еті қаптаған еркек болуға емес, керісінше сұлу болуға шақырады. Ер адамға ұқсайтын жанға айналу менің мақсатымда жоқ. 

Спортқа күнделікті қанша уақыт бөлесіз?

Екі сағаттан аптасына бес рет жаттығамын. Сайыс, байқаулардың уақыты жақындағанда үстінен тағы да бір сағат қосылады. Оның ішінде кардио да бар.

Тамақтану рационыңыз қандай? Бодибилдерлерге дәмді тағамдарды жеу қандай жағдайда рұқсат етіледі?

Біздің әрқайсымыздың өз мәзіріміз бар. Тамақ ішкенде ондағы ақуыздың, майдың, жасұнықтың қатынасын сақтауға, мәзірді бұзбауға міндеттіміз. Қазір байқауым жақындап келе жатыр. Сәйкесінше, тамақтану рационым да күрделенген. Мысалы, таңғы асқа қарақұмықты немесе сұлы жармасын және үш жұмыртқаны, яғни екі ақуыз бен бір тұқымды жеймін. Түскі асқа тауықтың төс етін, көкөністер салатын, ал кешкі асқа салат, жүз елу грамм балық, күркетауық немесе жылқы етін жей аламын. Ал денені құрғату кезінде салат жапырақтарын ғана жеймін.

Қатаң тәртіппен жүру оңай емес, әсіресе денені «құрғату» кезінде дәмді иістердің мазаны алатыны рас. Үнемі қарныңыз ашып жүретіндіктен, мидың жақсы жұмыс істеуіне күш-қуат жетпей қалады. Бірақ ниеті, мақсаты дұрыс спортшы тамақтануға келгенде аса қатты қиналмайды. Жеке басым денені «құрғату» кезінде  ешкімнен өш алмаймын. Бұл жолға тұруыма ата-анам, туысқандарым мәжбүрлемегенін, оны өзім таңдағанымды түсінемін. Байқауға дайындықтан бөлек, қарапайым күндері  бодибилдерлер «читмил» жасай алады. Бұл бір аптада жеті күн болса, алты күн бойы диетаңызды ұстап, жетінші күні таңғы, түскі немесе кешкі асқа тәбетіңіз қалаған кез келген тамақты жей аласыз дегенді білдіреді.

Қазір қандай байқауға дайындалып жатырсыз?

Қандай байқауға қатысатыным дене бітіміме байланысты. Дегенмен Еуропада өтетін жарыстарға қатысуды жан-жүрегіммен қалаймын.

Адамдарға бодибилдерлердің көпшілігі дәрі-дәрмек ішіп, жасанды жолмен денесін шынықтырып алған спортшылар болып көрінеді. «Химик» спортшыны қалай ажыратуға болады?

Спортшыны бірден мықты етіп шығаратын дәрі жоқ. «Химик» дегенде көпшіліктің көз алдына дәрі-дәрмекті уыстап ішіп алған, тестестеронды салғызып, табан астынан мықты болып кеткен адам елестейді. Олай емес. Химияны қабылдаған күннің өзінде бодибилдер жаттығуға күш салады, спорттық тамақтануды сақтайды. Бірақ дәл осы химияның кесірінен спортшы қыздардың етеккірі тоқтайды, олар келешекте бала көтере алмай қалады. Денесінің барлық жерінде түк өседі. Сондай-ақ, безеулер шығып, дауысы өзгеріп кетеді. Мұндай спортшының денесі үнемі «құрғап» жүреді. Бірақ ол химияны қабылдаған күннің өзінде, ол туралы ешкімге тіс жармайды.

Протеин мен тағы да өзге қоспаларды адамдар химияның қатарына жатқызып жатады. Дұрыс тұжырым ба?

Адам қаншалықты мықты болмасын, физикалық күш  — таусылмайтын қор емес. Сондықтан спортшы өз жағдайын жақсартып, өзін-өзі күту үшін протеинді және одан бөлек пайдалы қоспаларды, мысалы, Омега 3, A және E витаминін ішеді. Бұлар стероидтер емес, яғни химия болып есептелмейді. Иә, үйіме туысқандарым келгенде витаминдердің санын көріп, таңғалады. Олар не үшін керек екенін түсіндіргенде ғана расында ешқандай зияны жоқ екеніне көз жеткізеді.

Залға келіп, жаттыққаннан ешнәрсе шықпайтынын айтып, уақытты бостан босқа жібергенін алға тартып жататындар жоқ емес. Неліктен олар көздегеніне жете алмайды?

Көптеген адамдар залда бір ай жаттығып, бір нәтиже күтеді. Мақсатқа жету үшін бір ай аздық етеді. Біріншіден, дұрыс тамақтануға көшіп, тұрақты режиммен өмір сүру қажет. Сонымен қатар, бір ай қатысып, артынан тастап кету, сосын еске түскеннен кейін қайтадан қолға алып, үзіп-үзіп қатысу деген болмауы тиіс. Бұлай жатыққаннан ешқандай нәтиже шықпайды. Дене бітімім өзгерді ма екен деп қайта-қайта айнаға қарай берудің орнына жақсы жаттықсаңыз, нәтиже шығады. Әрине, қыздар залға баруға қорқады. Ажарсызбын, сымбатты емеспін деп ойлайды. Қалай жаттығу керектігін білмеймін, жаттығу кезінде адамдар маған тесіліп қарап тұрса, не істеймін деген ойлар пайда болады. Негізінде осы қорқыныштың барлығын бір шетке ысырып, жаттығу керек. Залда бір адамның екінші адамға қарап тұруға уақыты жоқ. Бұл жерге адам денсаулығын дұрыстап, дене бітімін әдемілеуге келеді. Жеке басым сылтау іздемей, арықтауға тырысып, жаттығып жатқан толық адамдарды көргенде талпынысына қарап, солар үшін қуанамын.

Спорттан басқа немен айналысасыз? 

Бала тәрбиесімен. Үлкен ұлым мен кенжем дзюдоға, екіншім жүзуге қатысады. Менің ойымша, спортқа деген махаббатты баланың бойына кішкентай кезінен баулу керек. Сонда олар есейгенде есірткі, темекі шегу сынды жаман әдеттерден аулақ болады. Сонымен қатар, бос уақытымда өз-өзімді дамытумен айналысып, психологиялық кітаптарды оқығанды жақсы көремін. 

Болашаққа қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз. 

«Арнольд классикті» жеңіп шыққым келеді, шетелде өтетін барлық байқауларға қатыссам деймін. Маған алдыға қойған мақсатыма, жетістіктерге жетуіме көмектесіп жатқан, спорттың осы түрінің дамуына атсалысып жүрген жаттықтырушым Ұлпан Нұрбековаға алғыс айтамын. 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.



stan.kz