Тарбағатай ауданында бүгін бүркіттер қасқырға түседі

0

Кеше қатысушылар қыран құстарды қолға шақыру, еркін ұшыру, бүркітті шырғаға салу, сұңқарларды далбайға шақыру сынды кезеңдерден тұратын қызықты сәттерді жұртшылық назарына ұсынса, бүгін бүркітті әуелі қоянға, соңынан финалға өткендерді түлкі мен қасқырға, қаршыға, сұңқарларды кептер мен қырғауылға салу сайыстары ұйымдастырылады деп күтілуде.

Осы жарысты тамашалау үшін Тарбағатайға аттанған өскемендік әріптесіміз Мұратхан Кенжеханұлымен ұялы телефон арқылы хабарласқанымызда 40 бүркіттің 13-і финалға өткенін айтты.  

Естеріңізге сала кетейік, бүркітшілердің соңғы үш чемпионаты да біздің облыста өткен болатын. 2016, 2018 жылдары Үржар, 2017 жылы Аягөз ауданында ұйымдастырылған-ды. «Құсбегілердің чемпионатын Тарбағатай ауданында алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Ұлттық дәстүрімізге жұрттың қызығушылығы, ынта-ықыласының зор екенін байқадық. Сондықтан алдағы жылы осы чемпионатты халықаралық деңгейде, яғни Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық бүркітшілер сайысы деп өткізсек пе деген ойымыз бар. Сонымен қатар аудандағы Өнер мектебі ішінен бүркітшілер сыныбын ашуды жоспарлап отырмыз», — дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы

Дереккөз: http://egemen.kz/