Тараздық кәсіпкерлердің бас көтеруі шенділерді шошытты — Қазақстан жаңалықтары

0

Тараздық кәсіпкерлер шу көтерді. Наразы жұрт өңірдегі ең ірі көтерме базарды іске қосуды талап етіп жатыр. Екі ай карантинде табысы тоқтаған олар сауда нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат берілгені дұрыс деп санайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

саудагерлер

«Шымкенттік саудагерлердің саудасы қызып тұр, Ақтөбеде бүгін, ертең базар ашылады, ал  бізде неге сауда нысандары іске қосылмады?», — дейді кәсіпкерлер.

Бұл сауалдың жауабын іздеген наразы топ бүгін облыс әкімдігі алдында бас қосты.   

«Автобус жүрсін, базар ашылсын – әңгіменің тоқ етері»,  деп талап қойды олар. Шулағандар — өңірдегі ең ірі «Ауыл береке» базарының саудагерлері.

Жұрттың әкімдік алдына жиналып, айғайға басуы шенділерді әбден шошытты. Тіпті сабырға шақырауға келгендердің кейбірі сасқалақтағаны сонша, бетперде тағуды ұмытыпты.   

Өзін ішкі істер басқармасынанмын деп таныстырған қызметкер тілшілердің сауалынан кейін ған бетпердесін тақты.

«Екі ай үйде жұмыссыз отырып, ақшамыз таусылды»» — дейді кәсіпкерлер. Сондықтан шенділерден карантиндік қатаң тәртіпті сақтай отырып, сауда жасауға рұқсат беруін сұрап отыр. 

«Шыдамымыз таусылып, осында келдік. Әкімдік, прокуратура, СЭС өкілдері  келді. Біз соларға сұраныспен шығып тұрмыз, бізге базарды ашып берсін», — деді саудагер Сәуле Мейірманова.

Базар басшысы бұл ретте өзінің дәрменсіз екенін айтып отыр. Ол бар жауапкершілікті әкімдікке ысырып қойды. Ал, облыс әкімі орынбасарының айтуынша, саудагерлердің жайы «екі күнде шешілуі мүмкін». Жұма күні, аймақтық  штаб отырысы өтпек. Сол кезде базардың іске қосылу-қосылмауы шешіледі екен.

«Сонымен, болдық қой деймін. Бір-біріміздің уақытымызды алмайық. Жұма күні кездесеміз, бітті! Мен базарға келемін. Міне, екі өкілдеріңізді сайлап бердіңіздер. Солармен хабарласып отырамын», — деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календиров.

Жағдай сол күйі өзгеріссіз қалуы да мүмкін. Себебі, бұған дейін де Халыққа қызмет көрсету орталықтары іске қосылады деп айтылып, артынша кейінге шегерілген. Шешімдердің өзгеруіне, өңірдегі эпидемилогиялық ахуалдың ушығуы себеп болуы мүмкін. 
 

 

stan.kz