Тараздағы жарылыс: Таң намазын оқып тұрған қыз ғажайыптың күшімен аман қалған

0

27 ақпан күні Тараз қаласында болған жарылыста таң намазын оқып тұрған қыз ғажайыптың күшімен аман қалған. Тосын апатта зардап шеккендер туралы журналист Көсемәлі Сәттібайұлы өз Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқиға орын алған күні таңертең таң намазын оқып тұрған бойжеткен жарылыс болғанда опырылған еденмен бірге төменге құлап кеткен. Алайда, Алла алдындағы парызын орындап жатқан ару ғажайыптың күшімен аман қалыпты.

«Жарылыс болған көпқабатты үйдегі қираған пәтердің бірін жалға алған қыз үйреншікті әдетімен таң намазын оқып тұрыпты. Күтпеген жерден болған жарылыстың салдарынан пәтерінің едені опырылып, төмен қарай құлағанда намазхан қыз да қирандылармен бірге астыңғы қабатқа бір-ақ бұрқ ете түскен ғой. Құдайдың құдыреті, аман қалыпты, тек аяғы сынған дейді», — деп жазған журналист.

Айта кетейік, Жамбыл облыстық ТЖД 27 ақпан күні таңертең Тараз қаласында тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, екі адам ажал құшқанын хабарлаған. Оқиғаның алдын ала себебі газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбау болуы мүмкін.

Жарылыстан көз жұмған бір ер азамат пен бойжеткен болып шықты.

Дәрігерлер бас жарақатын алған 14 жастағы жасөспірімге ота жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайға қатысты арнайы тергеу комиссиясын құруды тапсырды.

Ғаламторда желі қолданушылары оқиға орнында түсірілген суреттермен, видеолармен бөлісті.

Кейін тосын апаттан ажал құшқандардың саны үш адамға жеткені хабарланды.