Тараздағы тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар қатарында отандық ірі бизнесмен де болған

0
633

Тараздағы тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысқандар қатарында ірі бизнесменнің де болғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда қадағалау органы 157 қылмыстық істі қарап жатыр. Олардың 10-ы терроризм актісі, 4-еуі жаппай тәртіпсіздік, ал 2-еуі кісі өлтіру бойынша. Одан бөлек, 78 күдікті ұсталған. Тараз қаласына келтірілген залалдың көлемі 150 миллион теңгеге жуық қаражат мөлшерінде екенін белгілі болып отыр. Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлының айтуынша, ұсталғандардың әлеуметтік портреті жасалған. 12 адам (әр бесінші ұсталған) бұған дейін сотталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар. Оның ішінде кісі өлтіру, зорлау секілді өзге де ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандары бар. «Сондай-ақ, ұйымдастырушылар қатарында өңірдегі ірі кәсіпкер болғаны анықталды. Ол дыбыс ұлғайтқыш құрылғылар арқылы облыстық әкімдік пен Nur Otan партиясы ғимараттарына шабуылдау кезінде нақты нұсқау беріп отырған. Ұйымдастырушылар жастарға ықпал етпек болған», — деді Нұрбек Ұласбекұлы.