Тараздағы шағын аудан мәселесі шешімін тауып келеді

0

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Тараз қаласындағы «Шөлдала» ал­қа­бына газ құбырын жақындату құ­рылысына 2017 жылы республи­калық бюджеттен 623,2 млн теңге, облыстық бюджеттен 61,3 млн теңге, барлығы 682,2 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Монолит-Дизайн» ЖШС. Жауап хатта құрылыс-монтаждау жұ­мыстары 2017 жылдың 1 сәуірінде басталып, 31 шілдесінде аяқталғаны және газ құбырының ұзындығы 24,355 шақырым екені жазылған. 

– «Шөлдала», «Құмшағал», «Көл­тоған», «Қызыл-абад» және 28 сая­жай алқаптарының ішкі орамдық таратушы желілерінің құрылысы» жобасының жобалау-сметалық құ­жаттамасын әзірлеуге 2018 жылы қа­лалық бюджеттен 9,0 млн теңге бө­лінген. Қазіргі уақытта алғашқы де­­ректер қоры жинастырылуда. Жо­балау-сметалық құжаттама әзір­­леніп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін республикалық бюд­жетке құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын қар­жыландыруға өтінім жолданатын болады. Сонымен қатар тұрғындар тұтынылған электр энергия­сына заңды тұлға ретінде қосымша құн салығын есепке алғанда 1 кВт сағат үшін 22,27 теңгеден төлем жүргізіп келеді. Жеке тұлғалар үшін бекітілген тариф көлемі қосымша құн салығын есепке алғанда 1 кВт сағат үшін 14,95 теңге болып бекітілген. Электр энер­гиясын пайдалану бойынша ай сайынғы төлем жеткізуші ұсынған шот-фактура негізінде жүргізілуде. Саяжай тұрғындары электр энергиясын кооперативтің электр желі­лерінен алып отырғандықтан, электр энер­гиясының ақысын коопера­тивке тө­­леп отыр, – дейді Кенжебек Олжабай.

Мақала жазу барысында шағын аудан тұрғындарымен кездескенімізде, олар қоғамдық көлік мәселесін айта келіп, қалаға күн сайын қатынау қиындық туғызып отырғанын жеткіз­ген еді. Бұл орайда қала әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынған. Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда «Құмшағал» алқабына №54 автобус бағыты 8 кестемен, жүру аралықтары 20-22 минуттан жергілікті халыққа қызмет көрсетуде екен. Сонымен қатар ағымдағы жылы Химик, Ветеран саяжайларынан бас­тап Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған алқаптары арқылы мөлтек аудандарға, №1 қалалық ауруханаға қатынайтын №61 автобус бағытының қызметін ұйымдастыру жөнінде конкурс өткі­зіліпті. Бағыттың жүру кестесі жер­гілікті тұрғындармен келісіліп, бү­гінде бағыт таңғы мезгілде үздіксіз қатынауда. Қазан айынан бастап жолаушылар ағымының көбеюімен аталған бағытқа қосымша кесте сандарын қосу да жоспарланыпты.

Сонымен қатар тұрғындар бір атаудың бірнеше жерде кездесе­тінін, тіпті жедел жәрдем көлігінің өзі берілген мекенжайды тап­пай­­­тынын айтқан еді. Бұл орайда Кен­жебек Олжабай Тараз қала­сын­дағы саяжай алқаптары, саяжай коопе­ративтері, гараждық коо­пе­ра­тив­тердегі қайталанатын 225 көше, 1 шағын аудан бойынша Үкімет­тің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қау­лысына сәйкес жұмыстар жүр­гізіліп, республикалық ономас­тика комиссиясының 2017 жылғы 27 қарашадағы оң қорытындысына ие болғанын мәлімдеді. Қазіргі таң­да бұл мәселе Жамбыл облысы әкімдігі мен Жамбыл облыстық мәс­­лихатының қарауына енгізілген. Атал­ған көшелердің аншлагтарын жаңалауға қалалық бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлініп, бірлескен қаулы және шешім шыққан жағдайда аншлагтарын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

– Ауызсу қорын анықтау үшін ин­женерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Құм­шағал» су бөгеті ғимаратын қайта жаң­ғырту және «Шөлдала» алқабына сорғы стансасымен жаңа су бөгеті ғимаратының құрылысын жүргізу жұмыстары қарастырылуда. Осы шаралар аяқталғаннан кейін «Шөлдала» мен «Құмшағал» алқаптарын сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 2019-2021 жылдары аталған желілердің құ­ры­лысын жүргізу жоспарланып отыр.

Ал 2018 жылдың 15 та­мыз күні аталған аумақтың тұрғын­да­рымен қала әкімдігінің мамандары жиналыс өткізіп, көтерілген мәсе­лелер бо­йынша тұрғындарға т­үсіндіру жұмыс­тарын жүргізді, – дейді Кенжебек Олжабай.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы