Таразда жарылыс болған үй жөндеуден өтеді

0

Тараздағы жарылыс болған көп қабатты үй жөндеуден өтеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлімдеді.

Жанбосынов «мамандар көп қабатты тұрғын үйдің тек 3 және 4-подъездеріне зақым келген деп отыр. Басқа бөлігі бүтін. Осы екі подъездге толықтай сейсмокүшейту жұмыстары жасалмақ» дейді.

Биыл 27 ақпанда Тараз қаласында көп қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, 3 адам қаза тапқан. 6 адам жараланған. Куәгерлер бейнежазбасынан үйдің бір бөлігінің қирағанын байқауға болады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова «118 адамнан жауап алынды. Жарылыстан кейін ауруханаға түскен 6 адамның 4-і сауығып, үйлеріне жіберілді. Ал 65 және 32 жастағы науқастардың жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр» дейді.

Мұхтарқұлованың сөзінше, жарылыс себебі әзірге белгісіз. Алайда ол «жарылыс болған пәтерлерден газ құбырлары, газ плитасымен қосатын шлангтер алынғанын» айтады.

11 наурызда БАҚ-та «Тараздағы жарылыс болған үй тұрғындары «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы бойынша берешектерін өтемейтін болды. Олардың баспаналарын жөндетуге жасаған 40 миллион теңгелік келісім-шарттары күшін жояды» деген ақпарат шыққан.



Азаттық