Таразда МРТ аппаратында қаза тапқан ер адамның отбасы кінәлілерді жазалауды сұрады

0

Таразда 35 жастағы ер адамды МРТ аппараты тартып өлтірді. Марқұмның жақындары оқыс оқиғаға кінәлілерді анықтап, жазаға тарту керегін мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ақпарат бойынша, 35 жастағы жергілікті тұрғынды магниттік-резонанстық томография аппараты жұтып қойып қаза тапқан. Атпалдай азаматты медициналық құралдың магниті ішке қарай тартып әкетіп, ол соның аузында кептеліп ажал құшқан.

«Ол біздің асыраушымыз еді. Енді не істедік?! Маған ұлымды қайтарып берсін. Ол әлі өмірдің қызығын көріп үлгерген жоқ. Артында кішкентай қызы жетім қалды. Жұмыс істейтін бөлмені өздері босатып беруі керек емес пе? Ал ондағылар МРТ-ны орнынан қозғалтуды осыларға жүктеген», — деді Ф. Хусаин-Ахуновтың анасы Вазира Хусаин-Ахунова.

Қайғылы жағдай қаладағы медициналық орталықтың бірінде болған. Мекемеде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген екі азамат МРТ аппаратын орнынан жылжытпақ болған. Сол кезде ұдайы қосылып тұратын медициналық қондырғының қуатты магниті Фуркат Хусаин-Ахуновты ішіне тартып кеткен.

Телеарна тілшісінің сөзінше, 35 жастағы ер адам екі бүктеліп аузында кептеліп қалыпты. Бірден есінен танған жігітті алып шығуға адамдардың күші жетпей, кейін өлі денені жүк көлігімен суырып алуға тура келген.