Таразда көлік ұрлаған азамат полициядан бір сағат бойы қашты (ВИДЕО)

0

Жол сақшыларын соңынан салпақтатып қойды. Таразда көлік ұрлаған азамат тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызды. Ол бір сағат бойы ешкімге ұстатпай қаланы шыр айналып жүріп алды. 

Бөтеннің меншігін иемденген азамат бұйрыққа бағынбай жүйткіп келеді. Ол аулада оталып тұрған темір тұлпарды мініп кеткен. Көлігінен көз жазып қалған әйел дереу полицейлерге хабар берген. Ұрының жүрген бағыты жылдам анықталып, тәртіп сақшылары соңына түсті. Бірақ қашқын тәжірибелі жүргізуші екен. Ол жан-жақтан қаумалаған потрульдік көліктердің бәрінен сытылып кеткен. Сөйтіп бір сағатқа жуық уақыт қаланың әр қуысын айналып ұстатпай жүрді. Ақыры күдікті шағын аудандардың біріндегі балалар ойын алаңына соғылып бір-ақ тоқтады. Өзі қашып кеткен. Алайда 38 жастағы азамат көп ұзамай қолға түсті.

Асылхан Зәуірбеков, Тараз қаласы ПБ бастығы:

«ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.Күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды».