Таразда 24 жастағы еркек кішкентай қызға азғындық жасаған
Полицейлер 24 жастағы Тараз тұрғынын ұстады, ол өз кінәсін толығымен мойындаған. Күдікті 5-тен 10 жылға дейін сотталуы мүмкін
АЛМАТЫ, 28 қыркүйек — Sputnik. Тараздағы үйлердің бірінің подъезінде мас күйінде 9 жасар қызға азғындық жасаған 24 жастағы ер адам ұсталды.
Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев хабарлады.
«24 қыркүйекте сағат 19:00 шамасында Тараз қаласының мөлтек аудандарының біріндегі көпқабатты үйдің подъезінде белгісіз ер адам мас күйінде 9 жасар қызға күш қолданбай азғындық әрекеттер жасап, қылмыс орнынан бой тасалаған. Бұл дерек бойынша Тараз қаласының полиция басқармасы қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлігі (жас балаға азғындық әрекет жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады», — деді Оразалиев.
Оның айтуынша, қылмысты ашуға полицияның барлық күші жұмылдырылып, тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Кешенді іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні анықтап, 24 жастағы облыс орталығының тұрғынын ұстады. Ол өз кінәсін толығымен мойындап отыр.
Айыпталушы үйленген, екі баласы бар. Қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
«Наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде, сондай-ақ «педофил» санаты бойынша есепте тұрмайды. Аталған баптың санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Полиция департаменті ата-аналарды мұқият болуға және осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін жас балаларды қараусыз қалдырмауға ескертеді», — деп жазды полиция департаментінің басшысы.
Тағы оқыңыз: Батыс Қазақстанда әскерден оралған жігіт қаршадай екі қызды зорлап тастады
sputniknews.kz