Тараз тұрғындары адам шошырлық оқиғаға куә болды

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Таразда ит талаған әйел облыстық ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Таразда 54 жастағы әйелді ит талап өлтірді. Алған жарақатының ауыр болғаны сонша, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады. Көп қан жоғалтан науқас ауруханада көз жұмды.   

Күндізгі сағат бес шамасында көшені басына көтерген әйелдің жан дауысы естіледі. Ауылдастары дереу көмекке шақырған үйге қарай тұра жүгірген. Сөйтсе, аулада әйел итке таланып жатыпты. Оны төбелес құмар ірі питбуль тұқымдас ит қапқан, деп хабарлады КТК.  

«Ана бұрышта талап жатты. Содан сүйреп, мына жерге алып келді. Сол кезде ломмен ұрдым», — дейді оқиға куәгері.  

Бірақ басына темір тисе де, төбет тынышталмаған. Жануар 54 жастағы кісіні сүйреген бойда бақшаның аяғына апарған. Сол жерде оның жұлма-жұлмасын шығарыпты.

«Кәдімгідей, отырып алып жеп жатыр ғой. Тістеген бергі жағы, кәдімгідей жеп жатты. Орманда жабайы аңдар ұстап алып жеп жата ма, тура сондай болды ғой», — дейді  оқиға куәгері Әзиза Наурызбаева. 

Белгілі болғаны итке таланған келіншек бұл үйге қонаққа келген. Үй иесі – оның жалғызбасты туған әкпесі. Мұнда тағы бір ер азамат болған. «Бұлар жиі бас қосып ішімдік ішетін», — дейді көршілері. Олардың айтуынша, қайғылы жағдай да сондай көңілді отырыстан кейін болған. Мас болған үй иесінің сіңлісіне араша түсуге шамасы келмепті. Шақырылған полицейлердің де төбетті ажыратуға жүрегі дауаламай тұрып қалған. Тек кейін қосылған тәртіп сақшысының бірі келген бойда жануарға оқ жаудырыпты.

«Бір атқанда тиді, бірақ өлмеді, үйге қашып кетті. Сөйтіп ол бала жүгіріп келді де, есікті итеріп тұрып, жедел жәрдемді кіргізіп, ана кісіні алып шығып, сосын итті шығарып атып өлтірді», — дейді Наурызбаева.  

Зардап шеккен әйел шұғыл облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Олардың айтуынша, алған жарақатынан науқас 2 литрге жуық қан жоғалтқан. Соның салдарынан 54 жастағы әйел аурухана кереуетінде жатып көз жұмды.  

Куәгерлердің айтуынша, адам өлтірген ит төрт жыл бұрын пайда болыпты. Ылғи бос жүретін қабаған питбуль тұқымы бұған дейін де екі адамға азуын батырған дейді. Ал қазір осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.



sputniknews.kz