Танымал жұлдыздар сайлау туралы не дейді
Сайлау – 2019! Қазақстан мемлекетінің келешегі үшін өтетін маңызды қадамға қарапайым қарашамен қатар, өнер өкілдері де белсенділік танытуда. Кезектен тыс жоспарланған президенттік сайлауға отандық жұлдыздардың дайындығы қалай? Stan.kz тілшісі әртістер арасында арнайы сауалнама әзірлеген еді.
Әли Оқапов, әнші:
Біз үшін осы сайлау – тарихи сайлау! Өйткені, бұйырса ресми жаңа президентті таңдаймыз, сайлаймыз, көреміз. Сондықтан басқа сайлауларға қарағанда, тарихта алғашқы орындардың бірінде болады деп есептеймін. Дәл қазір біз жаңа бағыт, жаңа адамды таңдаудамыз. Жаңа адамның көзқарасы бойынша, болашаққа қадам жасаймыз деп есептеймін. Әрине, әлдеқалай маңызды! Міндетті түрде сайлауға бару керекпіз. Еліміздің азаматы ретінде дауыс беруге құқығың бар және де сол дауысың үшін өз халқыңның алдында есеп бересің. Сен кімді қолдадың, не үшін қолдадың және оның жұмыстағы нәтижесі қалай болады, болашағың қалай болады, сенің балаларың қалай өмір сүреді дегендей… Сол жауапкершілікті дұрыс таңдап, сезіну керек. Мен өз кандидатымды таңдап қойдым!
Асхат Тарғынов, әнші:
Осы уақытқа дейін барлық сайлауға қатыстым. Ол кезде әрдайым дауысымды Нұрсұлтан Назарбаевқа бердім. Қазіргі сайлауға қатысты шынымды айтайын, әділ өтетініне сенбеймін. Бірақ сенбесем де Қазақстан азаматы ретінде сайлауға барамын. Өз таңдауымды жасаймын! Оны тек өзім білемін. Кімді таңдайтыным – құпия! Әңгіменің ашығы, бірақ мен бұл сайлаудың әділ өтетініне сенбеймін.
Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:
Мен кандидаттардың басым бөлігін жақсы танимын. Бірақ таңдауымды жасап қойдым. Мен таңдаған адам ел басқаруға өте лайықты секілді. Қанша дегенменен, мемлекеттің ішкі асханасын, қай бағытта келе жатқанын, алдағы мақсатының барлығын жақсы біледі. Тәжірибесі бар. Одан кейін ол кісінің өмірбаяны өте қызық. Ешқандай ағасыз, ешқандай қолдаусыз осындай биіктікке жеткен кісі екен. Мен шыны керек таңғалдым. Яғни, «асыл тас су түбін жатпайды» демекші, бәрібір білім етті, еңбек жасады. Мен таңдаған кандидат өз еңбегімен осындай биікке көтерілді.
«Азия» тобы:
Осы уақытқа дейін сайлауға қатысқан емеспіз. Бірақ, биыл қатысайын деп жатырмыз. Кімге дауыс беретінімді айтпаймын. Өйткені ол менің жеке құқығым. Оны жария еткім келмейді. Қаншалықты әділетті өтетінін білмеймін. Барлығы бір Алланың қолында ғой. Не болса да, Алла халқымызға, елімізге тыныштық, амандық берсін деп тілеймін.
Ернар Айдар, әнші:
Биылғы сайлау әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды қадам. Қазіргі қоғамдағы барлық азаматтар мен азаматшалар бұл шараның ең маңызды екенін жақсылып ой елегінен өткізіп, дұрыстап түсіну керек. Сол үшін мен де сайлауға қатысу құқығымды пайдаланып, барып дауыс беремін. Құдай қаласа бұл сайлау жақсы әрі әділ өтеді, бәрі керемет болады деген ойдамын. Бірақ, мен өз таңдауымды әлі жасап үлгерген жоқпын. Әрине, сайлауалды бағдарламасы маған ұнайтын үздіктер бар. Сайлау күні нақты бір шешімге келіп, өзімнің кандидатыма дауыс беремін.
stan.kz