Танымал тұлғалардың қызықты әдеттері

0

«Адамға тән нәрсенің бәрі маған да жат емес» деп қаба сақал Карл Маркс айтқандай, атақты адамдардың да бойында  ерсі, әдепке қайшы  деуге болатын оғаш қылықтары мен өмірлік дағдылары, өзіндік ерекше әдеттері болған. 

Он тоғызыншы ғасырда Арқада өмір сүрген Паң Нұрмағамбет деген атақты бай қолынан қысы-жазы ақ биялайын тастамаған. Халық маңғаздығына орай «Паң» деген атақ берген. Сол Паң төре бол, қара бол, кіммен болсын амандасқанда, қолынан ақ биялайын шешпейтін көрінеді.

Ақан Сері  қымыз берген үйдің аяғы кір болса, дастарханын тастап жүре берген, кір жастықтан қашып, ер-тоқымын жастанып, құла дүзге барып қонатын болған.

Күш атасы Қажымұқан титімдей тышқаннан қатты қорқатын болған. Соны жақсы білетін ақын Иса Байзақов алып балуанға шынашақтай бойымен  айтқанын істетеді екен.

Бауыржан Момышұлы жазу үстеліндегі хаосты, қағаз, кітаптардың қалай болса солай шашылып жатқанын ұнатқан. «Мой порядок – это мой беспорядок» дейді екен.

Жазушы Тәкен Әлімқұлов қақаған қыстан жалаңбас шығатын болған. Айтуынша, мұның қан қысымын төмендетуге көмегі тиеді.

Жазушы Асқар Сүлейменов күндіз ұйықтап, түні бойы кітап оқып, жазуын жазатын болған.

Ақын Жұмекен Нәжімеденов жыр жазып отырғанда сіріңкенің талдарын бір-бірлеп майдалап сындырып отырған.

Халқымыздың қаһарман ұлы  Қасым Қайсенов риза болған адамына  қолындағы таяғының арнайы қақпағы бар жуандау келген тұсынан  елу грамм  коньяк таттыратын  болған. Ол жерге тұп-тура бір бөтелке коньяк сияды екен. Бұл таяқты оған Рахымжан Қошқарбаев жасатып, сыйға тартыпты.

Жазушы Дүкенбай Досжан шығармаларын өмір бойы етпеттеп жатып жазатын болған.

Көзі тірі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов үйренген автоқаламын қашан сынып қалғанша қолынан тастамай, ішін ғана ауыстырып отырады. Жазуды бастағалы бері автоқаламын екі-ақ рет, асып кетсе үш рет қана ауыстырған. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстағаны – үш-ақ қалам. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Ырым. Сенім.

Жазушы Мұхтар Мағауин жазуға қазы-қартаға тойып алып бір-ақ отыратынын айтады.

Академик Асқар Жұмаділдаевтың ешқашан ұялы телефон ұстамайтынын журналистер жақсы біледі.

Таразда тұратын  белгілі жазушы Несіпбай Дәутайұлы қысы-жазы басынан шләпісін тастамайды. Ол бұл жағынан орыстың  халық әртісі Михаил Боярскийге ұқсайды. Боярскийде тек Дәутайұлыныкіндей ұзын шаш жоқ.

Композитор Бәкір Тәжібаев түнде жалғыз өзі сыртқа дәретке шығуға  қорқады екен. Әйелін, болмаса енесін ертіп шығатын көрінеді.

Осылай тере берсек, қазақтың белгілі адамдарының талайының бойынан өмірлік дағдыларын табуға әбден болады. Білетіндеріңіз болса,  өздеріңіз жалғастыра отырыңыздар.

Төреғали Тәшенов

«Қамшы» сілтейді