Танымал топтар не үшін тарап кетті? – видео
НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша– Sputnik, Дәурен Ерболат. Қазақстан эстрадасында жарқ етіп, отандық шоу-бизнестің дамуына үлес қосқан, бірақ кейін тарап кеткен танымал топтар аз емес. Осындай музыкалық ұжымдар жайлы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыздар.
АБК
Топ 1990-шы жылдардың ортасында Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеевтің бастамасыман құрылды. Арынбаев қазақстандық журналистерге берген сұқбатында «АБК» тобы алдын-ала жобаланып құрылған топ емес» деген еді.
1996 жылы топ «Тамшылар» әнін жазып, халыққа танылды. Кейін «Қайдасың»,»Говори о любви мне», «Айсұлу», «Бiр тамшы жас», «Ботақаным» сынды хит әндерді орындады.
Топтың танымалдығына қарамастан алдымен ұжымнан Ерлан Көкеев кетті. Кейін топ тарап кетті. Десек те, трио ерекше ән орындау мәнерімен және сапалы музыка ырғағымен халық жадында қалды.
Қыдырәлі Болманов топ тараған соң Рахат Тұрлыханов, Қарақат Әбілдина сынды әншілердің продюсері болды. Бұған қоса, «Ұлытау» тобының негізін қалады. Кейін Қарақатқа үйленіп, 4 ұл мен 1 қыздың әкесі атанды. Қазір жеке кәсібі бар.
Ерлан Көкеев «К-7» тобын құрды. Әнші мұнда да жемісті еңбек етті. Бүгінде Көкеевтің жеке мейрамханасы бар, музыка саласында еңбектеніп жүр. Жұбайы Анармен бірге 3 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Ал Медеу Арынбаев — еліміздің құрметті әншілерінің бірі. Ол да отандық шоу-бизнестің дамуына өз үлесін қосып келеді. Арынбаев екі баланы өсіріп отыр.
Нұр-Мұқасан
Әншілер шығармашылық жолын 1990-шы жылдардың басында «Бауыржан-шоу» театрынан бастады. Бірі — салмақты, сырбаз азамат болса, екіншісі — қастары қосылған сымбатты жігіт. Бұл топтың «Махаббат мәңгі ертегі», «Құдаша қыз», «Не пайда», «Бақытыңды жырлайды», «Іздеймін сені», «Неткен өмір» секілді әндерін халық ерекше ықыласпен қабылдады.
«Нұр-Мұқасан» дуэті 25 жыл бойы жұптары жазылмай сахнада өнер көрсетті. Әншілер 2015 жылы айтулы датаны атап өтіп, жеке кештерін өткізбекші болған. Бұл туралы Нұрлан Қонысбаев қазақстандық журналистерге берген сұқбатында айтқан еді.
Алайда бір жылдан соң «Нұр-Мұқасан» тобы тарап кетті. Бұны Мұқасан Шахзадаев растады. Ол соңғы кездері жеке шығармашылығына көңіл бөліп жүргенін ашық айтты. Ал «Хабар» телеарнасына берген сұқбатында топтың тарауы әншілердің жеке мәселесі екенін атап өтті.
«Біріншіден, халыққа рақмет айтамын. Олар «Нұр-Мұқасан» тобын іздеп, оның қайта бірігуін қалайды. Дегенмен бұл өмір. Топтың тарағаны өзімізге де өкінішті. Бұның себебін жариялаудың қажеті жоқ деп санаймын. Бұл Нұрлан екеуміздің арамыздағы дүние», — дейді Шахзадаев.
Бәйтерек
2000-шы жылдары қазақ эстрадасында жарқ еткен топтың бірі – Бәйтерек». Оның құрамында Ерлан Малаев, Нұркен Өтеуілов, Сайлау Қамиев өнер көрсетті.
Әншілердің негізгі мамандығы актер болғанына қарамастан олардың орындауындағы «Ханшайым», «Сен» әндерін халық жылы қабылдады. Олар осы күнге дейін қазақстандықтардың сүйікті туындыларының қатарында. Ал қазір әншілер актер ретінде еңбек етіп жүр.
Домино
Топтың негізі 2005 жылы қаланды. Оның құрамында Шолпан Бейсенова, Закир Егембердиев және Антон Фост өнер көрсетті.
Олардың «Айым-ай» әнін халық жақсы қабылдады. Кейін трио белгісіз себептерге байланысты сахнадан көрінбей кетті. Ал 2012 жылы «Пилот» тобының бұрынғы мүшесі Дәурен Байназаров «Доминоның» музыкалық продюсері болды. Ол «Капелька яда», «Лови дыхание мое» әндерін жазды.
Топтың жұмысы жандана бастағандай көрінген, алайда бір жылдан соң ұжымнан Антон Фост кетті. Закир Егембердиев бүгінде онымен байланысу қиын дейді. Дегенмен ол Антонның үйленгенін, Алматыда тұратынын жеткізді.
101
Топ Тараз қаласында құрылды. Алғашында оның құрамында Иван Бреусов, Уәлижан Ишанқұлов, Станислав Ли, Владимир Хан, Ербол Жайлауов, Асхат Телібаев пен Андрей Малышев сынды әншілер өнер көрсетті.
Жігіттер 2000 жылы Алматыға қоныс аударды. Ал бір жылдан соң продюсер Эрик Тастембековпен танысты. Нәтижесінде «101» еліміздегі ең танымал топтардың біріне айналды. Ал «Сердце под прицелом», «Дай мне время» қазақстандықтардың сүйіп тыңдайтын әндері болды.
2004 жылы топтың мүшесі Иван Бреусов Ресейдегі ең танымал «Фабрика звезд-4» тележобасына қатысып, «101»-дегі жұмысын жалғастыра берді.
Уақыт өте топ шығармашылық тоқырауға ұшырағандай болды. Тыңдармандарын да жаңа әнмен қуанта алмады. Ал Иван Бреусов жеке ән айтып, бірнеше бейнебаян түсірді.
Metis’s
Шығармашылық ұжым 2006 жылы жұмысын бастады. Топта Руслан Седьмой, Валерий Задарновский, Айза Галиева өнер көрсетті. Олардың «Выше руки», «Звон бокалов» әндерін тыңдармандар жоғары бағалады.
Сондай-ақ, музыкалық топ Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильміне саундтрек жазды. Кейін Metis’s тобы тарап кетті.
Арнау
Топтың негізі 2000-шы жылдары қаланды. SuperStar жобасы аяқталған соң Нұржан Керменбаев пен Жанар Хамитова «Арнау» құрамында өнер көрсетті. Олардың «Сенен басқа», «Астана менің махаббатым» әндерін тыңдармандар сүйіп тыңдады.
Кейін Керменбаев пен Хамитова көңіл жарастырды. Алайда жұлдызды жұп көп ұзамай айырылысып кетті. Топтағы Жанардың орнын Салтанат Бақаева басты. Биыл Жанар Хамитова қайтыс болды. Кейбір болжам бойынша, ол өз-өзіне қол салған.
Нұржан мен Салтанат жемісті еңбек етіп, «Егіз лебіз», «Адалдық», «Аңсарым сен», «Сүйе берем», «Махаббат жыры», «Сағындың ба?» әндерін жазды. Алайда 2014 жылы «Арнау» тобы жұмысын тоқтатты.
sputniknews.kz