Танымал тележүргізуші: Көптеген отбасы кәрі ата-анасын жалғыз қалдырып, жәрдемақы алу үшін бөлек шығуда — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық продюсер, тележүргізуші Жанар Байсемізова тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға берілетін 21 мың теңге жәрдемақы туралы айтты. Оның сөзінше, жәрдемақыдан қалыс қалғысы келмеген көпбалалы отбасылар қарт ата-анасын жалғыз қалдырып, бөлек шығуда, деп жазады Stan.kz.

Жанар Байсемізова

«Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыға қатысты ауыл-аймақта дүрбелең болып жатыр екен. Егер көпбалалы отбасы зейнетақы алатын ата-аналарымен, енелерімен тұратын болса және олардың малдары болса, жәрдемақы берілмейді екен. Бәрі есептеледі. Мемлекеттен тағайындалған көмекті алу үшін көпбалалы жас отбасылар ата-енеден бөлек тұруы тиіс. 

Ауыл қарттары азғантай ғана зейнетақы алады. Бұл олардың ұзақ жылғы еңбектерінің өтеуі. Қаншама жыл мемлекетке құйған салықтары. 

Бір үйде зейнеткерлермен бірге тұрса неге жәрдемақы берілмейді? 

Зейнеткерлер өз ақшаларын өздеріне жұмсауы тиіс қой. Біздің қариялар шетелдік кәрі адамдар сынды әлем араламайды. Өйткені оған зейнетақы жетпейді», — деп жазды Байсемізова Instagram желісінде.

Өз сөзінде ол елімізде 21 мың теңге жәрдемақыны тағайындаған кезде үйдегі зейнеткерлердің зейнетақысы есептелетіні мәлім болғаннан кейін, көптеген көпбалалы отбасының бөлек шыға бастағанын айтты. Ал қариялар үйде жалғыз қалуда. 

«Көпбалалы отбасылар үлкендермен бірге тұрып, сол кісілерге қамқор болып отыр. Менің естуімше, көптеген отбасы кәрі ата-анасын жалғыз қалдырып, жәрдемақы алу үшін бөлек шығуда. Жалпы, заң бойынша жәрдемақы тағайындауда не деп жазылған? Мен мұндай жарылқауды түсіне алмадым… Кім кімді жынды қылып отыр? 

Жалпы, жәрдемақы, зейнетақы, жалақы – бұл біздің салығымыз есебінен төленетін ақша. Қарапайым халыққа билік басындағылар қалталарынан шығарып, қаржы беріп отырған жоқ. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы беру үшін зейнетақыны, малды санауды кім шығарды? Бұл қай жерде жазылған? Әлде жергілікті билік ойына келгенін істеп отыр ма?» — дейді тележүргізуші. 



stan.kz