танымал қазақстандық спортшылар Олимпиадаға қатысты пікір білдірді 

0

Sputnik Қазақстан тілшісі танымал спортшыларымызға хабарласып, төтенше жағдай кезінде бос уақытты қалай өткізіп жатқанын білді. Токио Олимпидасын кейінге қалдыруға қатысты пікірлерін де жазып алды

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Әлемде коронавирустың кеңінен таралуына байланысты көптеген шараларды өткізуге тыйым салынды. Ал Токио Олимпиадасын бір жылға шегеруге тура келді. Дегенмен, осы додаға жолдама алған қазақстандық спортшылар дайындықты үй жағдайында жалғастырып жатыр. 

Спортшыға үйде отыру оңай емес  

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметов өз жолдамасын рейтингпен алып отыр. Спортшы жарыстарға жиі барып үйренген. Енді, сақтық шараларына байланысты үйде отырған оңай емес. 

«Біз үйде көп отырмаймыз ғой. Шетелге жиі шығамыз, оқу-жаттығуларға қатысамыз. Сөйтіп, көп жүріп, ары-бері шығып үйренгеннен кейін қиындау болып жатыр. Ең бастысы, осы індеттен аман-есен құтылсақ, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Дегенмен, жаттығуларды үйде де жасауға болады. Мысалы, мен мүмкіндігінше барлық жаттығуларды орындауға тырысамын. Форманы сақтау керек. Арасында кітап оқимын, әке-шешемізбен көбірек әңгімелесеміз», – дейді Сметов.

РИА Новости

Сметов осы індеттен аман-есен құтылсақ, бәрі дұрыс болады деп ойлайтынын айтты

Спортшы Токио Олимпиадасын бір жылға шегеруге қатысты өз ойын да білдірді.   

«Бұның бәрі жай нәрсе емес қой. Қауіпті індет кеңінен таралып кетті. Содан бүкіл әлем бір шешімге келді. Сондықтан біз ол шешіммен келісеміз. Құдай қаласа, Токио Олимпиадасы 2021 жылы өтеме ме, басқа бір шешім бола ма, біз әрқашан дайын болуымыз керек. Негізі, «соңғы Олимпиадам» деп дайындалып жатқан спортшыларға қиын болуы мүмкін. Мысалы, 30-31 жастағы спортшылар бар. Мен өзім 27 жастамын. Құдай қаласа, келесі жылы 28-ге келсем, бабымда боламын», – дейді Сметов. 

«Амал жоқ…»

32-ден асқан боксшы Василий Левиттің көңіл-күйі жоқ сияқты. Телефон арқылы жауап берген спортшы Олимпиаданың кейінге шегерілуіне қатысты пікір білдіруден бас тартты. Алайда өз шешімінің себебін түсіндірді. 

«Меніңше, қазір коронавирус пен Олимпиада туралы ақпарат тым көп. Бүкіл жерде сол ғана. Мен бірдеңе айтсам, ақпарат тағы көбейіп кетеді. Сондықтан ештеңе айтпай-ақ қояйын. Мен өзім үйдемін. Жаттығуларымды жасап жүрмін. Амал жоқ, тағы бір жыл күтеміз. Сол…», – деді Левит.

Ал 1980 жылдағы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров отандық спортшыларға мойымауға кеңес беріп отыр. Себебі бір жылдан кейін де жоғары нәтиже көрсетуге болады. 


©
Sputnik / Юрий Сомов

Жеңімпаздарды марапаттау, Жақсылық Үшкемпіров, XXII жазғы Олимпиада ойындары, ЦСКА спорт сарайы, 25.07.1980

«Біздің кезімізде Олимпиаданы кейінге шегеру болмаған. Енді, қазіргі жағдай қиын қой. Қайтеміз, көнбеске шара бар ма? Оған ешкім қарсы тұра алмайды. Дегенмен, мойымау керек. Мысалы, мен 29 жасымда Олимпиада чемпионы болдым. Ал бір жылдан кейін әлем чемпионы атандым. Сондықтан дайындық болса, бір жылдан кейін де жоғары нәтижеге жетуге болады», – деп атап көрсетті Үшкемпіров.

«Тәжірибе жинауға мүмкіндік бар»

Боксшы қыздардың ішінде әзірше 19 жастағы Надежда Рябец қана жолдама алып үлгерді. Спортшы бір жылдың ішінде тағы тәжірибе жинақтай аламын деп отыр. 

«Шынымды айтсам, бас кезінде көңілім түсіп кетті. Дегенмен, артынан осы шешімнің де оң тұстары бар деген байламға келдім. Мысалы, мен бір жылдың ішінде тағы тәжірибе жинақтап, өмірімдегі басты спорт додасына үлкен дайындықпен бара аламын. Оған дейін коронавирус та тоқтайды деп сенеміз. Олимпиадаға көрермен де көп жиналады», – дейді Рябец.     

Қазіргі кезде боксшы қыз Қостанайда өз үйінде жүр. Ал дайындық шараларын далада өткізеді.

«Қостанайда коронавирус тіркелмеген. Дегенмен, спорт залдары жабық. Сондықтан біз далада жаттығу жасап жүрміз. Үйде демаламыз, ұйықтаймыз. Ертесінде тағы жаттығуға кірісеміз», – деп атап көрсетті Рябец.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз