Танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаевты шетелде тонап кетті
Отандық PR саласын дамытып жүрген, еліміздегі маңызды іс-шаралардың жарнамасын жасап, қазақша бренд қалыптастырып үлгерген блогер Әлішер Елікбаев жылдық табысын жариялап, салық төлейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Түнгі студия бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото Әлішер Елікбаевтың Instagram парақшасынан алынды
Әлішер Елікбаев орыстілді болса да, негізгі бағыты – қазақша PR, қазақ аудиториясы, бәсекеге қабілетті нарық. Ол жеке парақшасына жарнама жасап та, қанша табыс табатынын жасырмайды.
“Еліміздегі ең қымбат жарнама жасаушының бірі – өзім. Бір пост – 4 миллион теңге. Ақша мен табыс жүрген жерде салығыңды да жасырмай айтуың керек. Менің бизнесмен достарымның 30-40-тан астам жеке кәсіптері бар. Бірақ олар менен аз салық төлейді. Менің компаниямның төлеген жылдық салығын мемлекеттік порталдан көрсеңіздер болады. Қазақта “Аққа құдай жақ” деген сөз бар, соны ескеріп, ешқандай “бармақ басты көз қыстыға салмай”, тұрақты салығымды төлеймін. Жылдық табысымды суммамен айтқаннан гөрі, тұрмысымның дұрысталғанын айтқым келеді. Жарнама жасап жүріп, Алматы қаласынан бес үй алдым. Енді Астанадан және шетелден бір үй алуды жоспарлап отырмын”, – дейді блогер.
Сонымен қатар желі қолданушыларына Әлішер Елікбаев саяхатшы-жиhангер арқылы да таныс. Бір жылда әлемнің 20 еліне саяхаттайды. Блогер Сан-Франциско қаласында қалай тоналып қалғанын айтып берді.
“Ол қала менің сүйікті қалам болатын. Қыдырып барғанда көлікті жалға алып, емін-еркін қыдыра беруші едім. Сондай сапардың бірінде ұрыларға тоналып қалдым. Көлігімнің терезесін сындырып, телефоннан бастап, макбук, паспортымды алып кеткен. Бір қызығы ол жақта үйсіз-күйсіз жүрген тұрғын көп. Сан-францискалықтардың өздері қаланың ішінде емес, сыртында тұрады. Сол қарақшы, ұры-қарылардан сақтану үшін екен. Оны мен білмегенмін, қаланың қақ ортасынан пәтер жалдап, алаңсыз демалып жатқан едім. Ең қызығы, екі сағаттан кейін Алматыға қайтуым керек. Елшілік арқылы шығып, аман-есен елге оралдым”,– деп сол бір сәтті күліп еске алды.
Блогер алдағы жоспарын да айтып қалды. “Европа мен Американы аралап келдім, енді Африкаға жол түсіп тұр”, – деді.