Танымал кәсіпкер ағайынды Нығматулиндердің қылмыстық әрекетін әшкереледі
Кәсіпкерлерді қорғап жүрген танымал белсенді Талғат Ақуов Қазақстан президенті Қ.Тоқаевқа бейнежолдау жасады. Ол бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллинге және оның бауырлары Ерлан және Арғын Нығматулиндерге қарсы жүргізілген қылмыстық істі жіті қадағалауға алуды өтінді деп жазады Dalanews.kz.
Бейнежолдауда:
«Ағайынды Нығматулиндер кепілге қойған мүліктің құнын 7 есе төмендетіп, заңсыз электронды сауда арқылы бөтеннің мүлкін тартып алуды көздеген қылмыстық топ. Олар рейдерлік жасап, кәсіпкерлердің мүлкін бір емес бірнеше рет тартып алып, жалған фирмалар мен жеке адамдардың атына рәсімдеген.
Рейдерлік жасау фактісі бойынша президенттің атына кәсіпкерлер тарапынан 40-тан астам шағым түскен.
Ағайынды Нығматулиндер біреуден тартып алынған бизнесті иесіне қайтармас үшін өздерінің қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, прокуратураға, полицияға, сот жүйесіне әкімшілік қысым жасады. Тіпті, кәсіп иесін тұтқындап, бостандығынан айыруға дейін барды. Менің жағдайым да осыған ұқсас.
Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік әр істі нақты зерттеп, сот органдары арқылы түрмелер мен лагерьлердегі Нығматулиндер заңсыз соттатқан адамдарды бостандыққа шығарып жатыр. Тек қазір ғана Нығматулиндердің қылмыстық әрекеті ауқымды түрде айтылып, әділдік пен шындық күткен жүз мыңдаған қазақстандықтың сенімін оятты» деді біраз жайттың бетін ашып.
Нығматулиндер әулетінің әлсізге күш көрсетіп, талайдың кәсібінен айырып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған.
Себебі, Назарбаевтың «тілін» тауып, көңілінен шыға білген Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулин «иненің көзінен өткен». Содан шығар, былтыр «Қазақстанның даму банкі» Нығматулиндерге қатысы бар «Жаңа Жамбыл фосфор зауытына» жылдық 6,5 пайызбен 14,7 млн доллар несие бергені мәлім болды.
Демек, соңғы жылдары «жеп қалу» позициясына Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұрлан Нұрлановтар шықты деген сөз. Яғни, ақшаны қайдан және қалай суырып алуға қауқары жететін мүмкіндігі мен қызметтік жағдайын барынша пайдаланғаны байқалады. Әрине, бұл істердің ту басында Нұрлан Нығматулиннің өзі тұрғаны айдан анық.
Жоғарыда кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жүрген Талғат Ақуовтың бейнежолдауы президенттің құлағына жетіп, Нығматулиндерге қарсы қозғалған істі қатаң қадағалауға тапсырма берсе, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бұл әулеттің рейдерлік жолмен бизнес субъектілерін тартып алғаны былай тұрсын, оның иелерін жазықсыз соттатып жібергенін қайтадан жан-жақты тексеруі керек. Қазақта «Көп асқанға – бір тосқан» деген бар.
Дәл осы айтылған тәмсілдің мән-мағынасын «өмір бойы дегенім болады, осы елдің ақшасына шалқып жүремін» деп келте ойлаған қаншама экс-шенеунік енді ғана түсініп жатқан болар, сірә?!
фото: dalanews.kz