Танымал феминист әйелдер митингіне қарсы шыққан Бекболат Тілеухан мен Алтынай Жорабаеваға жауап берді

0
Феминист әрі заңгер Айгерім Құсайынқызы біздің елдегі әртүрлі әйелдердің құқығын қорғап жүрген белсенді. Оның айтуынша, тәуелсіз Қазақстан тарихында 2021 жылдың 8 наурызында тұңғыш рет рұқсат етілген феминистер өткізген митингке экс-депутат Бекболат Тілеухан мен әнші Алтынай Жорабаева қарсылық танытқан, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Айгерім Құсайынқызы гендерлік теңдік үшін күресіп, ерлер мен әйелдерге берілетін құқықтар мен мүмкіндіктерді бірдей пайданалуды талап етіп жүрген феминист. Ол 2021 жылы өзімен ұстанымы мен ұраны бір қыз-келіншектер жанына жиып, феминистер митингін ұйымдастырған. Алайда олардың аталмыш шеруі танымал жұлдыздар – Бекболат Тілеухан мен Алтынай Жорабаеваға жақпай қалған көрінеді.

«Біріншіден, «феминист» деген сөз тек қазақ қоғамында ғана емес, жалпы көптеген мемлекетте жағымсыз реңкке ие. Біз 2021 жылы алғашқы митингті ұйымдастырған кезде Бекболат Тілеухан: «Бұл шайтандар, бұл қазақ әйелдерін құртатын митинг» деп айтқан болатын. Мені бір таңғалдырғаны, біз көтерген әйелдер мәселесін сол уақытқа дейін Бекболат Тілеухан, Алтынай Жорабаева көтерді ме? Көтерген жоқ! Қарапайым ғана мысал. «Бекболат Тілеухан өзінің үйінші әйелімен Түркиядан көшіп келді» деп жазғанның өзі Қазақстанның саясатына қарсы. Себебі Қазақстанның неке және отбасы кодексіне сәйкес полигамия, көп әйелдік бізде жоқ. Сонда заңды бұзып отырған біз бе, әлде Бекболат па?», – деді Айгерім Құсайынқызы.

Әйел қауымының қоғамдағы теңдігін талап етуді басты ұранына айналдырған феминистер ұжымының өкілі бұл сұхбатында төрт қыздың анасы Алтынай Жорабаеваға да өз пікірін бағыттады.

«Алтынай Жорабаева да қарсы болды. «Мен болашақта қыздарымның тағдырына алаңдаймын» деген сияқты. Мен барлық аналарға айтқым келеді, егер сіз қызыңыздың тағдырына алаңдасаңыз, біздің митингтің тақырыбын біліп, біз не талап етеміз соған көңіл бөлсе… Яғни, тек сыртынан ғана бақылып, «бұлар батыстан қаржы алған, қазақ қоғамын құртуға келген әйелдер» деген лейблмен ғана емес, сәл тақырыпқа үңілсе, статистиканы көрсе, деректерге үңілсе екен. Меніңше, Қазақстанда қыз баланың анасы болу өте алаңдатарлық жағдай. Себебі Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бар, қыздардың өмірі қорғалмаған, қыздарға жасалатын кемсітушілік бар. Сол үшін бұл жерде Алтынай Жорабаеваға тек төрт қыздың анасы деп емес, жалпы бірнеше марапат алған өнер адамы ретінде бұл мәселеге алаңдаулы болу керек деп ойлаймын. Алтынайды тек ана ретінде әлеуметтік рөліне емес, бірінші адам ретінде ол кім екеніне көңіл бөлуіміз керек», – дейді феминист.

Сондай-ақ ол бұл сұхбатында мәжілісмен Ардақ Назаровтың кезекті депутаттық сауалын «қарапайым сауатсыздыққа» баласа, «Музарт» тобының солисі Сәкен Майғазиевтің қылмыс жасағаны туралы ашық айтты.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.