Танымал айтыс ақыны дүниеден озды

0

Танымал айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова дүниеден өтті. Бұл туралы журналист Бейсенкүл Нарымбетова Facebook парақшасында хабарлады.

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22 сәуірде Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

Ол белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. 1966 жылы Көксарай елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы орта мектебін бітірген. 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті.

1971-91 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған. *1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. Әселхан Қалыбекованың айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған.

Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.