Танымал адамдар, танымал тұлғалар, белгілі адамдар, белгілі тұлғалар — 103 famous faces

0

Фото: © The Telegraph

BAQ.KZ — Әлемпресс. Қытай суретшілері Дуду (Dudu), Ли Тецзы (Li Tiezi) мен Чжанг Ан (Zhang An) 2006 жылы салған «Дантемен «Құдіретті комедияны» талқылау» картинасында әлем тарихындағы ең танымал 103 тұлға бейнеленген. Тhe Telegraph басылымының хабарлауынша, интернетте үлкен резонанс туғызып, кең талқыланған картинаның авторлары ұзақ уақыт белгісіз болған.

Бұл картина Рафаэль Сантидің ежелгі философтар бейнеленген «Афина мектебі» (The School of Athens) атты туындысын еске түсіреді. Бір айырмашылығы, қытай суретшілері өз картиналарына тарихта қалған Наполеон, Авраам Линкольн, Альберт Эйнштейн секілді танымал тұлғалармен қатар қазіргі замандағы танымал адамдарды да (Владимир Путин, Майк Тайсон, Маргарет Тэтчер, Билл Гейтс) бейнелеген.

Сурет интернетте пайда болған уақытта ондағы тұлғаларды анықтауға конкурс жариялаған. Ал картинада оның авторлары — үш суретші, сонымен қатар барлығы бірдей тани бермейтін қытай жеңіл атлеті Лю Сян да (Liu Xiang) салынғандықтан, конкурс шарттары қиындық туғызған. Сондықтан да болар, кейбір сыншылар бұл картинаны «танымал тұлғалардың тозағы» деп атаған.

Назарларыңызға картинадағы тұлғалардың толық тізімін ұсынамыз.

Бір суретте бейнеленген 103 танымал тұлға кім? - 103 famous faces

© The Telegraph

1. Билл Гейтс, Microsoft компаниясының негізін қалаушы
Америкалық бизнес-магнат, инвестор, автор, филантроп. Software саласында әлемдік көшбасшысы саналатын Microsoft компаниясының негізін қалаушы және бұрынғы президенті. Microsoft жүйелері әлемде пайдаланылатын компьютерлердің 93 пайызына орнатылған. Билл Гейтс әлемдегі ең бай екінші адам.

2. Гомер, грек ақыны
Ежелгі Грекияның эпик ақыны, ежелгі грек әдебиетінің ең негізгі шығармалары саналатын «Илиада» мен «Одиссеяның» авторы. Гомер туралы нақты деректер жоқ.

3. Цуй Цзянь, қытай әншісі
Қытайдағы роктың әкесі. 1961 жылы Бейжіңде дүниеге келген. Алғашқы әнін 1983 жылы жазса, 1986 жылы алғашқы рок-әні шыққан. Германия, Дания, Корея, АҚШ, Швейцария мен Жапонияда өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, «қытай рогының елшісі» атанған. Ал 1998 жылы шыққан төртінші альбомына рэп әндер де енген. Бүгінге дейін 60 халықаралық және Қытайдың музыкалық марапаттарын алған. Ал 2016 жылдың 30 қыркүйегінде музыкалық мансабының 30 жылдығына арнап үлкен концерт берген.

4. Владимир Ленин, орыс революционері
Ресейлік революционер, марксизм ілімінің теоретигі, Кеңес Одағының саяси және мемлекет қайраткері, большевиктер партиясын құрушы, 1917 жылғы Қазан революциясының бас ұйымдастырушысы, әлем тарихындағы ең алғашқы социалистік мемлекеттің негізін қалаушы.

5. Павел Корчагин, әдеби шығарма кейіпкері
Николай Островскийдің социалистік реализм жанрында жазылған «Как закалялась сталь» атты автобиографиялық романының бас кейіпкері. Павел Корчагин Кеңес Одағындағы бірнеше ұрпақтың идеалы болған. Ал романды «Молодая гвардия» журналы 1932 жылы жариялай бастаған. Роман 1934 жылы жеке кітап болып шықты.

6. Билл Клинтон, АҚШ-тың бұрынғы президенті
Американың 42-президенті. Ол президент болған 1993-2001 жылдар аралығында АҚШ-тың сыртқы қарызы мен жұмыссыздық деңгейі азайған. Оның әкімшілігі бүкіл әлем бойынша ядролық қаруды сынақтан өткізуге қарсы болған. Президенттіктен кейін қоғамдық жұмыстармен белсенді араласып, саяси және қайырымдылық шараларын өткізеді. Руандада емханалар желісін салғаны үшін TED Prize премиясымен марапатталған.

7. І Петр, орыс көшбасшысы
Романовтар әулетінен шыққан Ұлы Петр атанып кеткен І Петр соңғы орыс патшасы, император және қолбасшы, реформатор. Оның бұйрығы бойынша шет елден кітап, құрал-сайман, қару-жарақ сатып алынды, шеберлер мен ғалымдар шақырылды, дворян балалары шет елге оқуға жіберілді. І Петр кезінде қаржылық және салықтық жүйелер жетілдірілді, ауыл шаруашылық, металлургия, тау-кен өндірісі, сауда дамыды. Тұрақты орыс армиясы мен әскери-теңіз флотын құрып, әскери мектептің негізін қалады, әскери өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлді.

8. Маргарет Тэтчер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі
1979—1990 жылдары аралығында Ұлыбританияның премьер-министрі болған. Бұл ХХ ғасырдағы ең ұзақ премьерлік қызмет саналады. Ол баронесса лауазымын алған алғашқы әйел, сонымен қатар Еуропадағы алғашқы әйел премьер-министр. Кеңестік үкіметті қатты сынағаны, әрі «тэтчеризм» саясатының бір бөлігі болып кеткен консервативтік шаралары үшін «темір ханым» атанған. Премьер-министр ретінде мемлекетті кері сүйрейді деп есептейтін жағдайларға саяси және экономикалық реформалар жүргізген. Сонымен қатар оның саяси философиясы мен экономикалық саясаты «қайта реттеуге» негізделген. Әсіресе бұл қаржы жүйесі, еңбек нарығы, мемлекеттік компанияларды жекешелендіру, кәсіподақтар рөлін азайту ісінде байқалды.

9. Брюс Ли, актер
Шығыс жекпе-жегінің шебері, киноактер, кинорежиссер, продюсер, сценарист. 36 фильмге түскен. Батысқа Шығыс жекпе-жегін танытқан. Оның өмірі мен шығармашылығы жайлы 30-ға тарта фильм түсірілген. ХХ ғасырдың екінші жартысында Еуропа елдері мен АҚШ-та шығыс жекпе-жегінің жұлдызы ретінде кеңінен танылған. «Джит Кун-до» деген атпен кунг-фудың өзіндік стилін жасаған. 32 жасында қайтыс болды.

10. Уинстон Черчилль, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі
1940-1945 және 1951-1955 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі қызметін атқарған саясаткер, әскери офицер, тарихшы, Нобель сыйлығына ие болған жазушы және әуесқой суретші.

11. Анри Матисс, француз суретшісі
Француз суретшісі және мүсіншісі. Матисс академиясы атты көркем сурет мектебін ашқан. Сонымен қатар сурет өнерінде фовизм жанрын құрған. Оның картиналарының бірі «Les coucous, tapis bleu et rose» 2009 жылы 32 миллион еуроға сатылды.

12. Шыңғыс хан, моңғол қолбасшысы
Азияда тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, Монғол империясының негізін қалаушы. Өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері.

13. Наполеон Бонапарт, француз әскербасы
Францияның мемлекет қайраткері, қолбасшы, император. Наполеон император ғана емес, академик те болған. Ол математикадағы ізденістері үшін Францияның ғылыми академиясының құрамына енген, өзінің теоремасын ойлап тапқан.

14. Че Гевара, революционер-марксист
Марксист революционер, дипломат, әскери теоретик. Куба революциясының ірі өкілі, дәрігер.

15. Фидель Кастро, Кубаның бұрынғы премьер-министрі және президенті
Куба революциясына социалистік сипат берген революционер. Оның басшылығымен Куба бір партиялы мемлекетке айналды. Сонымен қатар елде дамудың марксистік лениндік моделі қабылданды. Фидель Кастро әлеуметтік реформалар жүргізіп, экономиканы бір орталыққа бағынышты етті. Білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласын дамыту шараларын қолға алды. Фидель Кастро кезінде БАҚ мемлекеттік бақылауда болды.

16. Марлон Брандо, актер
Америкалық актёр. «Оскар» сыйлығының екі мәрте лауреаты, кинорежиссер.

17. Ясир Арафат, Палестинаның бұрынғы көшбасшысы
Саяси қайраткер, бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының иегері. Палестина ұлт-азаттық қозғалысының нышаны. , Палестина автономиясы әкімшілігінің басшысы (1994 жылы), Палестинаны Азат ету ұйымы атқару комитетінің төрағасы болған. 1988 жылы “Палестина мемлекеті” жарияланды, ал 1989 жылы Палестина Ұлттық Бас Кеңесі Ясир Арафатты осы мемлекеттің президенті етіп сайлады.

18. Юлий Цезарь, Рим императоры
Ежелгі Римнің саяси қайраткері, қолбасшы, жазушы. Цезарь көп шығынды қажет ететін ойын-сауықтар, театр қойылымдары, гладиаторлық шайқастар, қоғамдық түскі астар ұйымдастыру арқылы Рим азаматтарының арасында үлкен беделге ие болған.

19. Клэр Ли Шенноут, Екінші дүниежүзілік соғыс лейтенанты
АҚШ әскери әуе күштерінің генерал-лейтенанты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қытайдағы «Ұшқыш тигрлер» авиаэскадрильясын басқарған.

20. Лучано Паваротти, әнші
Италияның опера әншісі. 1990 жылы Италияда өткен ФИФА әлем кубогының ашылу салтанатында Nessun Dorma ариясын орындаған.

21. Джордж У. Буш, АҚШ-тың бұрынғы президенті
АҚШ 41-президенті (1989—1993 жылдары), Рональд Рейган кезінде вице-президент болған. Конгрессмен, дипломат, Орталық барлау басқармасының директоры. Республикалық партиясының мүшесі. Американың мемлекет қайраткері. Буш президент болған кезеңде АҚШ алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

22. Чарльз, Уэльс ханзадасы
Ұлыбритания патшайымы – ІІ Елизавета мен Филипп ханзаданың үлкен ұлы, британ тағының мұрагері, фельдмаршал, флот адмиралы.

23. Лю Сян, қытай жеңіл атлеті
2004, 2007 жылдардағы әлем чемпионы, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Олимпиада ойындарын жеңіп алған алғашқы қытай жеңіл атлеті. Сонымен қатар ол бір мезетте әлем чемпионатын жеңіп, әлемдік рекорд жасаған алғашқы қытай азаматы.

24. Кофи Аннан, БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы
Гана дипломаты, БҰҰ-ның 7-Бас хатшысы. Нобель сыйлығының иегері.

25. Чжан Ан (суретші, картина авторларының бірі)

26. Михаил Горбачев, Ресейдің бұрынғы басшысы
КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті (1990-1991)

27. Ли Тецзы (суретші, картина авторларының бірі)

28. Данте Алигьери, Италия ақыны
Қайта Өрлеу дәуіріндегі ұлы итальян ақыны. Италья әдеби тілін қалыптастырушы, «Комедия» шығармасының авторы.

29. Дай Дуду (сретші, картина авторларының бірі)

30. Пеле, футболшы
Әйгілі бразилиялық футболшы, үш дүркін әлем чемпионы. Бразилия құрамасында 92 матч өткізіп 78 гол соққан. 1970 жылғы әлем чемпионатының үздік ойыншысы. 1958 жылғы әлем чемпионатының ең үздік жас футболшысы. Оңтүстік Америка 1973 жылғы Жыл футболшысы. ХОК сараптамасы бойынша ғасыр спортшысы.

31. Гуань Юй, қытай әскербасы

32. II Рамсес, Мысыр перғауыны
Ежелгі Мысырдың перғауыны. Шамамен 14 жасында таққа отырған. Билік еткен алғашқы жылдары қалалар, ғибадатханалар мен ескерткіштер салғызған.

33. Шарль де Голль, француз генералы
Француз генералы, мемлекет қайраткері. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Француз ұлт азаттық қозғалысының көсеміне айналды. Бесінші Республиканың негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті.

34. Альфред Нобель, швед химигі, Нобель сыйлығының негізін қалаушы

Швед өнертапқышы әрі кәсіпкері. Лондон корольдік қоғамының және швед ғылым академиясының мүшесі. Динамит жасау жұмысына патент алған. күркіреуік сынапты капсюль-детонатор жасаған. Өз атындағы халықаралық сыйлықты тағайындаған.

35. Франклин Рузвельт, АҚШ-тың бұрынғы президенті
ХХ ғасырдың бірінші жартысының әйгілі саясаткерлерінің бірі, АҚШ-тың 32-президенті. АҚШ-тың тарихындағы екі мерзімнен астам сайланған жалғыз президент.

36. Эрнест Хемингуэй, жазушы
Америка жазушысы, журналист, 1954 жылғы Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.

37 Элвис Пресли, америкалық әнші
XX ғасырдағы үздік әндердің орындаушысы. Оны «рок-н-ролл королі» деп те атайды. Элвистің әрбір альбомы миллиондаған тираждармен таралады.

38. Роберт Оппенгеймер, америкалық физик
Сегіз тілді еркін меңгерген америкалық физик-теоретик, Берклидегі Калифорния университетінің физика профессоры, АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мүшесі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ядролық қарудың алғашқы үлгілері жасалған «Манхэттен жобасының» ғылыми жетекшісі, атом бомбасының «атасы».

39. Уильям Шекспир, ағылшын драматургі
Ағылшынның ұлы драматургы әрі ақыны, әлемнің ең әйгілі драматургтарының бірі. Оның пьесалары әлемнің барлық тірі тілдеріне аударылып, басқа авторларға қарағанда көп қойылады.

40. Вольфганг Амадей Моцарт, Австрия композиторы
Вена классикалық композиторлар мектебінің жарқын өкілі. Скрипкашы, клавесинист, органист, дирижер болған.

41. Стивен Спилберг, америкалық режиссер
Америка продюсері, режиссер, сценарист, актер. Голливудтың ең бай адамдарының бірі.

42. Пабло Пикассо, испан суретшісі
Испан суретшісі, мүсіншісі, графигі, керамисті және дизайнері. 1,4 млн оқырман қатысқан Тһе Тімеs газетінің сауалнаманың нәтижелері бойынша, Пикассо соңғы 100 жыл бойы өмір сүргендердің арасындағы ең жақсы суретші болып мойындалды.

43. Мария Кюри, физик

Физика және химия ғылымдары бойынша екі мәрте Нобель сыйлығының лауреаты атанған Мария Кюри күйеуі Пьер Кюримен бірге радий химиялық элементін ашқан.

44. Чжоу Эньлай, ҚХР бірінші премьер-министрі
Қытайдың саяси қайраткері, ҚХР Мемлекеттік кеңестің алғашқы басшысы, дипломат.

45. Иоганн Вольфганг фон Гёте, неміс жазушысы
Немістің ұлы ақыны, дана ойшылы. Веймар классицизмінің негізін қалаушылардың бірі. Оның шығармалары неміс әдебиетінің шедеврі саналады.

46. Лао Цзы, қытай философы
Даосизмнің негізін қалаушы. Даосизм философиясының маңызды трактаты «Дао дэ цзин» авторы.

47. Мэрилин Монро, америкалық актриса
Актриса, әнші, ХХ ғасырдың танымал моделі

48. Сальвадор Дали, испан суретшісі
Суретші, испан графигі, мүсінші. Сюрреализм жанрында салатын суретшілердің бірі.

49. Цыси, Қытайдың бұрынғы басшысы, император
Цин империясының патшайымы.

50. Ариэль Шарон, Израильдің бұрынғы премьер-министрі
Израильдің әскери, саяси және мемлекет қйраткері. 2006 -2014 жылдар арлығында комада жатты.

51. Ци Байши, қытай суретшісі
Қытайдың танымал суретшісі, каллиграф. «Гүл-құс», «шөп-жәндік» жанрындағы суреттерімен танымал. Халықаралық бейбітшілік премиясының лауреаты.

52. Цинь Шихуанди, Қытайдың бұрынғы императоры
Цинь патшалығының билеушісі. 22 жасында билікке келген Ин Чжэн 17 жыл бойы бытыраңқылықта өмір сүрген Қытай жерін бір орталыққа бағындыру жолында күрес жүргізген. Ол ішкі саясатында егіншілік кәсіпке барынша қолдау көрсетті. Ал қолөнер мен сауда жекеменшік сипатқа ие болды. Мемлекеттің қайтадан ыдырап кетуіне жол бермеу үшін елде бірыңғай заң реформасын жасады. Ортақ ақша жасап, өлшем бірліктерін, жазуды бірыңғай жүйеге келтірді.

53. Тереза шешей, католик миссионер
Католик монахиня, кедей және науқас адамдарға көмектескен. Әйелдер монахтік конгрегациясы «Махаббат әпкелер миссионерлері» ұйымын құрған. Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты

54. Сун Цинлин, қытай саясаткері
Қытайдың саяси және мемлекет қайраткері. 1968 − 1972 жылдар аралығында ҚХР басқарған.

55. Рабиндранат Тагор, үнді ақыны
Үндінің ұлы ақыны мен жазушысы, сазгер әрі суретші, қоғам қайраткері. Азия жазушыларының арасындағы алғаш Нобель сыйлығының иегері.

56. Отто фон Бисмарк, немістің мемелекет қайраткері
Князь, герман мемлекет қайраткері. Германияның бірінші канцлері. «Темір канцлер» атанған.

57. Шао Ифу, қытай магнаты
Медиамагнат, қытай кинематографының негізін қалаушылардың бірі. Shaw Organisation халықаралық медиакорпорациясының директоры, продюсер.

58. Жан-Жак Руссо, философ
Француз философы, жазушы, Ағарту дәуірінің ойшылы. Сонымен бірге музыкатанушы, сазгер және ботаник. «Қоғамдық келісім туралы» еңбектің авторы. Негізгі идеясы — халық бостандығы.

59. Одри Хепберн, актриса
Британ және америкалық актриса, фотомодель, «Римские каникулы» фильмі үшін «Оскар»сыйлығын алған, 4 рет Оскар номинациясына енген. Өз заманындағы жалақысы жоғары актерлердің қатарына қосылды.

60. Людвиг Ван Бетховен, неміс композиторы
Немістің ұлы композиторы, дирижері және пианисі, үш Вена классиктерінің бірі.

61. Адольф Гитлер, национал-социализм қайраткері
Үшінші рейх тоталитарлық диктатурасының негізін қалаушы, национал-социализмнің басты тұлғасы, неміс ұлттық-социалисттік жұмысшы партиясының көсемі (1921—1945), Германия рейхсканцлері (1933—1945), Германия рейхсфюрері (1934—1945), Екінші дүниежүзілік соғыста Германия қарулы күштерінің бас қолбасшысы болған.

62. Бенито Муссолини, Италия саясаткері
Италияның фашист диктаторы, Германиямен және Жапониямен қатар екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болды.

63. Саддам Хусейн, Ирактың бұрынғы президенті
Ирактың бұрынғы президенті. Елді 24 жыл басқарып, халықты жазықсыз қырғаны үшін өлім жазасына тартылған.

64. Максим Горький, орыс жазушысы
Жазушы, прозаик, драматург.

65. Сунь Ят-Сен, қытай революционері
Қытайлық революционер, Гоминьдан партиясының негізін қалаушы, құрметті қоғам қайраткері. «Ұлт әкесі» титулын алған.

66. Дэн Сяопин, қытай революционері
Саясаткер, реформатор. Ресми түрде мемлекет басшысы қызметін атқармағанымен, 1970-1990 жылдар аралығында Қытайды басқарған.

67. Александр Пушкин, орыс жазушысы
Ресей ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы.

68. Лу Синь, қытай жазушысы
ХХ ғасырдағы Қытай әдебиеті мен қоғамдық-саяси ойлардың дамуына әсер еткен жазушы. Қытайдың қазіргі заман әдебиетінің негізін салушы.

69. Иосиф Сталин, Кеңес Одағының бұрынғы көшбасшысы
Кеңестік мемлекеттік, саяси және әскери қайраткері, 1922 жылдан бастап Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бас хатшысы, Кеңестік Үкіметінің басқарушысы болды. Сталиннің басшылығымен ауыл шаруашылығын коллективтендіру қолға алынып, байларды тап ретінде жою саясаты жүзеге асырылды. Бұл халық арасында жасанды ашаршылық пен босқыншылықты туғызып, ауыл шаруашылығын коллективтендіруге қарсы шаруалар қозғалысының өрістеуіне алып келді. Сталин елде қуғын-сүргін саясатын жүргізіп, тоталитарлық жүйені қалыптастырды. Ұлттық интеллигенция өкілдерін “халық жаулары” ретінде қуғындауды күшейтті. “Халық жаулары” жазасын өтейтін лагерлердің санын арттырды. Одақтас республикалар мен ұлттық автономияларды саяси және экономикалық биліктен айырып, Кремльге тәуелді етті.

70. Леонардо да Винчи, итальян суретшісі
Италияндық ұлы суретші әрі ғалым, өнертапқыш. Атақты «Моно Лиза» суретінің авторы.

71. Карл Маркс, неміс философы
Немістің экономист ғалымы, саяси экономист, философ, саясаттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, ғылыми коммунизм теориясының іргетасын қалаушы.

72. Фридрих Ницше, неміс философы
ХІХ ғасырдағы әйгілі неміс философы және филологы, иррационалды волюнтаризмнің Артур Шопенгауэрден кейінгі бірегей өкілі.

73. Авраам Линкольн, АҚШ-тың бұрынғы президенті
Америка мемлекет қайраткері, АҚШ-тың 16-Президенті және Республикалық партиядан америкалық құлдарды бірінші азат етуші, америка халқының ұлттық қаһарманы.

74. Мао Цзэдун, қытай диктаторы
Қытайдың әскери және саяси жетекшісі. Қытай жаңа дәуірі төңкерісінің көсемі, 1930-1970 жылдар аралығындағы ҚХР компартиясының жетекшісі.

75. Чарли Чаплин, британ актері
Англияның әйгілі киноактері, кинорежиссері, композиторы әрі продюсері. Ол алғашында киноактер және соғысқа қарсы азамат ретінде өз шығармашылығын бастаған және біртіндеп әлемге танылып, әйгілі Бастер Китон, Гарольд Ллойд үшеуі «әлемнің ең таңдаулы үш комигі» атанған.

76. Генри Форд, Ford автокөлік компаниясының негізін қалаушы, конвейерлік әдіспен өндірістің атасы
Автокөлік саласында революция жасаған – шын мәнінде жеке автомобильді ойлап тапқан адам.

77. Лэй Фэн, қытай сарбазы
Өзінен үлкендерге қол ұшын созып, көмек көрсетуімен есте қалған жетім сарбаз. Альтруист және коммунистік идеалдарға берік адам ретінде мойындалған.

78. Норман Бетьюн, канада дәрігері
Канада хирургі, ұрыс алаңында жарақат алғандарға көмек көрсету әдістері мен хирургияның новаторы. Антифашист, Испаниядағы азаматтық соғысқа барған дәрігер. Қытайда ең құрметті шетелдіктердің бірі саналады.

79. Зигмунд Фрейд, австрия психиатры
Австрия психологі, психиатрі және неврологі. Психоанализ ілімінің негізін қалаушы.

80. Хуан Антонио Самаранч, Халықаралық олимпиада комитетінің бұрынғы президенті.
Испан саясаткері, кәсіпкер, Халықаралық олимпиада комитетінің жетінші президенті. ХХ ғасырдағы олимпиада қозғалысының белді өкілі. ХОК өмірлік құрметті президенті.

81. Чан Кайши, қытай генерал
Қытайдың саяси қайраткері, генералиссимусы.1947 жылы Қытай Республикасының конституциясы қабылданып, ұлттық парламент оны президент етіп сайлады. Бірақ елдегі азамат соғысында жеңілген Чан Кайши отставкаға кетті. Қытай Халық Республикасы құрылғанда Чан Кайши Тайваньдағы Қытай Республикасының президенті болып, бұл орынға үздіксіз қайта сайланды. Ол билік басында болған жылдары ел экономикасы нарықтық қатынастарға көшірілді де, ҚХР-ға қарағанда қарқынды дами бастады.

82. ІІ Елизавета, Ұлыбритания патшайымы
1952 жылдан бастап Ұлыбритания патшайымы. Таққа 25 жасында отырды. Англикан шіркеуінің басшысы және Ұлыбританияның қарулы күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысының қызметін атқарады. Қазір мемлекет басындағы барлық әйелдердің ішіндегі ең егде жастағы, ал Еуропадағы ең кәрі мемлекет басшысы.

83. Лев Толстой, орыс жазушысы
Орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы, ағартушы, публицист. шаруа балалары үшін мектеп ұйымдастырып, сол жерде сабақ берген.

84. Ли Бай, қытай ақыны
Қытайдың ұлы ақыны. Ол өз өмірінде тоғыз мың шумақ өлең жазған және «жыр періштесі» атанып кеткен.

85. Корнелиу Баба, румын суретшісі
Кітап иллюстраторы, Румынияның халық суретшісі.

86. Огюст Родин, француз суретшісі
Мүсінші, суретші.

87. Дуайт Эйзенхауэр, АҚШ-тың бұрынғы президенті
Американың мемлекеттік және әскери қайраткері, АҚШ-тың армия генералы.

88. Майкл Джордан, америкалық баскетболшы
Америкалық баскетболшы. НБА-ның бұрынғы ойыншысы. Ойында шабуылдаушы-қорғаушы позициясында өнер көрсеткен. Баскетбол тарихындағы ең үздік қорғаушы.

89. Хидеки Тоджо, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі
Жапон саясаткері және әскербасы, генерал.

90. Микеланджело, италиян суретшісі
Италиялық мүсінші, кескіндемеші, сәулетші әрі ақын.

91. Ли Сунсин, корей әскери-теңіз командирі
Чосон династиясы кезіндегі соғыстарда аты шыққан корей командирі.

92. Майк Тайсон, америкалық боксшы
Ең ауыр салмақта шыққан америкалық кәсіпқой боксшы. Әлемдегі ең танымал кәсіпқой боксшылардың бірі.

93. В.В.Путин, Ресей президенті

94. Ханс Кристиан Андерсен, дат жазушысы
Әлемге әйгілі балалар және ересектерге арналған ертегілер авторы.

95. Ширли Темпл, америкалық актриса
«Оскар» алған ең жас актриса. Актерлік мансабын аяқтаған соң саясатпен айналысқан.

96. Альберт Эйнштейн, неміс физигі
Физик-теоретик, заманауи физиканың екі негізгі тірегінің бірі болып есептелетін релятив теориясының негізін қалаушы. «Теориялық физикаға қосқан үлесі үшін, фотоэлектрлі эффект заңын ашқандығы үшін, кванттық теорияның дамуына қарай қадамдары үшін» Нобель сыйлығын иеленген.

97. Мұса пайғамбар, діни көшбасшы
Пайғамбар, Имранның ұлы. Оның ардақты есімі Құранда 136 жерде кездеседі.

98. Конфуций, қытай философы
Ілімі мен философиясы қытай, корей, жапон өмір тұрмысы мен ойлау ғұрыпына терең ықпал еткен қытай философы. Конфуций ілімі адамгершілік мәселелерін бірінші кезекке қойған.

99. Ганди, үнділердің рухани көшбасшысы
Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын енгізген.

100. Винсент Ван Гог, голландиялық суретші
Голланд кескіндемешісі, импрессионизмнен кейінгі кезеңнің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Оның «Доктор Гашенің портреті» 82,5 миллион долларға сатылған.

101. Тулуза Лотрек, француз суретшісі
Француз графикашы-суретшісі, кескіндемеші, постимпрессионизм өкілі, 19 ғасырдағы айтулы суретшілердің бірі.

102. Марсель Дюшан, француз суретшісі
Суретші, шахматшы. Шығармашылық мұрасы көп болмаса да, ХХ ғасырдағы өнердің ең беделді өкілі.

103. Усама бен Ладен − Джордж Буштың (21) артында

Әлемдегі нөмірі бірінші лаңкес деген атқа ие болған, қарама-қайшылыққа толы саяси тұлға. Әл-Қаида ұйымының басшысы.

Алтынай Қуанышбек














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ