Тамыздан бастап пойыздарда қатаң тыйым енгізіледі
Қысқа сілтеме алу
Биыл 28 тамыздан бастап жолаушыларды тасымалдау ережелеріне қатысты өзгерістер күшіне енетін болады
НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы пойыздарда темекі шегуге тыйым салу шарасын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Компанияның атқарушы директоры Едіге Мыхановтың айтуынша, 28 тамызда жолаушыларды тасымалдау ережелеріне қатысты өзгерістер күшіне енетін болады.
«Бүгінде қоғамдық жерлерде темекі шегуге тыйым салу туралы заң бар. Бәрі соған қарай ыңғайланып жатыр. Мысалы, бұрын дәмханада еркін отырып, темекі шексек, қазір олай емес, арнайы жерлер бар. Бізде де арнайы жерлер болады. Ол — перрондар. Жолаушылар әрбір аялдамада перронға шығып, темекі шеге алады», — деді Мыханов арнайы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жолсеріктер пойыздың ішінде ақша алып, темекі шегуге жағдай жасаса, тиісті шаралар қолданылатын болады. Осы орайда компания басшылығы әрбір жолаушының ондай әрекеттерге немқұрайлы қарамай, арыз-шағым түсіретініне сеніп отыр.
Тағы оқыңыз: Пойызда зорланған әйел басынан өткен сұмдықты жылап тұрып айтып берді — видео
Ал заңгерлік департаментінің маманы Әйгерім Малғаждарова пойызда темекі шеккені үшін төленетін айыппұлдың көлемін жариялады.
«28 тамыздан бастап жолаушылар пойыздарында темекі шегуге тыйым салынады. Ондай адам ұсталса, жолсеріктер бірден желілік полицияны шақыртады. Сол жерде хаттама рәсімделеді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 571-бабына сәйкес, жолаушылар тасымалы туралы ережені бұзғаны, яғни темекі шеккені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге — Sputnik) көлемінде айыппұл салынады», — деп атап өтті Малғаждарова.
sputniknews.kz