«Тамызда 42 500 емес, 21 250 береміз» — Тоғжанов

0

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов карантиннің ұзартылуына байланысты қазақстандықтарға 42500 теңгенің жартысы берілетінін айтты.

«Президенттің тікелей тапсырмасы бар. Екі аптаға ұзартылған карантин кезінде төлем міндетті түрде болады. Бірақ азаматтарға сол соманың жартысы, яғни 42 500 теңге болса, соның 21 250 теңгесі төленеді. Осы сома қазақстандықтар міндетті түрде алады», — деді Тоғжанов онлайн баспасөз мәслихатында.

Президенттің тапсырмасымен карантиннің күшейтілгеніне байланысты кірісінен айырылғандарға шілде айына 42 500 теңге төленіп жатыр.

Өтінішті Egov.kz, 42500.enbek.kz порталдары, telegram-боттар және екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы беруге болады.

Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.