Тамырлас халықтар үшін құнды бастама

0

Президент мақаласындағы алты тармақтың ішінде екі мә­селеге – бүгін­гі телевизия саласы, фильмдер, соны­мен қатар де­рек­ті фильмдерге және түркі әле­мі үшін Википедия негі­зіндегі он­лайн-кітапханаға ерекше назар аударылғанын атап айтар едім.  

Академиялық тәжірибесі бар репортер ретінде мен бұл екі сала­ның қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін, әсіресе түркі әле­мі үшін аса мән-маңызға ие екенін аңғардым. 

Біз Франциядағы Еуроньюс ТВ-ға негізделген, Қазақстан бойынша елдің имиджін көтеруге арналған қысқа бағдарламаларды транс­ляциялаймыз. Мен Қазақ­стан­ның ірі қалалары мен көрікті жер­лерін арқау еткен көптеген бағдар­лама­ны көрдім. Оның ішінде шетел­дік­тердің басым бөлігі Қазақстандағы аң аулау дәстүрінің қыры мен сыры жайында естігеніне сенімдімін. 

Алайда, Қазақстанның шығысы мен батысының, солтүстігі мен оң­­түс­­тігінің арасын қамтитын ау­қымды, сапалы деректі фильмдер сериясы бар ма?

Адамдардың тұрмыс-тіршілі­гінен бастап, таңғажайып табиғат, дәстүр мен тарих үндескен мұндай ауқымды деректі жоба қазақ хал­қына, әсіресе жас толқынға аса қажет. Сондай-ақ сапалы түсірілген туынды шетелдік аудитория үшін де тартымды болары сөзсіз. 

Бүгінгі қала жастарының дәс­түр­лі қазақ ән өнерін емес, Батыс му­зыкасын тыңдауға бейімделгені, көңілге кірбің ұялатады. 

Мен қазақ болмасам да, «Адай» күйін тыңдаймын. Бұл туынды­ны тыңдаған сайын жаңаша әсер­ге бөленіп, күй күмбірінен жауын­гер­лік рухты сезінемін. Бұл шығар­маны неге қазақ қызы мен қазақ жігіті тыңдап өспеске?

Мәдени монополия немесе мә­дени империализм үшін күресудің қажеті жоқ, тек жастарға өз ұл­ты­ның құндылықтарын сақтау қажет. Ол үшін ұлттық телерадио ұйым­дары мен мәдени мекемелер ерекше ықыласпен ұлттық нақыштағы туын­дыларды насихаттай білуі тиіс. 

Мен Президент Нұрсұлтан Назар­­­баев­­­тың мақаласы жер жа­һан­­­да өмір сүретін, өз түп-тамы­рын із­деген миллиондаған түркі­лер үшін өмірлік маңызы бар бас­та­­­ма деп білемін. Менің білуім­ше, Пре­­зидент ұсынғандай онлайн-дерек көзі әлі ешбір жерде айтылған жоқ. 

Бұл тек қарапайым түркілерге ғана емес, сонымен қатар зерттеу­ші­­лер, академиктер үшін де, сон­дай-ақ Ұлы далаға саяхат жасайтын туристер үшін де өте құнды бол­мақ. 

Сөз соңында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, оның барлық ұсынылған жобалары мемлекет қаражатына негізделген «академиялық туризмге» айналып кетпеуі тиіс. 

Масуд Имани КАЛЕСАР,

журналист (Иран)