Тамырлас елдер үшін де маңызды
Орталық Азияны мекен еткен ежелгі түркі елдері, қырғыздар, қазақтар, өзбектер, түрікмендер күрделі де қиын замандарды басынан кешіріп, бүгінгі күнде дербес мемлекет болды. Мемлекет әр ұлттан құралуы мүмкін. Бірақ біз ұлттық мәртебесі бар мемлекет болдық. Оның себебі неде? Әлбетте, біз өз тілімізді, мәдениетімізді және салт-дәстүрімізді, қазіргі тілмен айтқанда, біртектілігімізді сақтап қалдық. Ұлттық мәдениет жоғалса, ұлт жойылады. Экономика құлдыраса, оны оңдап алуға болады, мәдениет құрдымға кетсе, ол орнына келмейді. Осы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қастерлеп келген ұлттық мәдениетімізге, руханиятымызға тағы да қауіп төніп отыр, бұл жолы найзаның ұшы, білектің күшімен емес, мақтамен қан шығармай бауыздайтын, ғаламдасқан әлемнің қитұрқы ақпараттық ағыны арқылы. Дер кезінде әрекет етпесек, жұтылып жоқ боламыз. Ақырғы ширек ғасырда дүниеге келген балаларымыз «компьютербасты» болса, үш-төрт жыл беріде пайда болған немерелеріміз бесіктен белі шықпай жатып қолдарына ұялы телефон ұстайды. Қазіргі балауса ұл-қыздарымыз ұлттық әдет-ғұрыпты білмей барады. Елінің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын білмеген адам елінің руханиятының сақтаушысы да, қорғаушысы да бола алмайды.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі буынға тәрбие беруде ұлттық құндылықтарға үндегені – ауа мен судай қажеттілік, бүгінгінің кезек күттірмес міндеті. Ертең кеш болады. Өйткені «баланы – басынан…» демекші, егемендік жылдарынан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Қазақстан лидерінің көтерген мәселелері қырғыз еліне де тиесілі. Қандас, жандас, тағдырлас қазақ пен қырғыздың менталитеті ұқсас. Төсекте басы, төскейде малы қосылған бір елміз. Елбасы мақаласында жаңа тарихи теле-кино туындыларды түсіру, оған Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалану, балаларға арнап фильмдерді және мультипликациялық сериалдарды шығару мәселелерін қозғап, оның басты кейіпкерлері ұлт қаһармандары, даңқты батырлар, ойшылдар және ел билеушілері бола алатынын көрсетіпті. Әбден тура айтылған.
Қазақ пен қырғызға тең жомоқ (ертегі) – «Ер Төстік» және ойшыл Асан қайғы, бүкіл түркі халықтарына ортақ Дәде Қорқыт, қырғыздың «Манас», қазақтың «Алпамыс» бас болған батырлық жырлары, қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» мен қырғыздың «Олжабай мен Кішімжан» махаббат дастандары дап-даяр материалдар. Осылардың ұлттық нақышын жоғалтпай, қазіргі көрермен тез қабыл алатындай, сіңімді етіп жасау керек. Мемлекет басшысы өзі бастап жол көрсетіп отырған соң, шығармашыл адамдарға белсеніп істеу ғана қалды.
Қазақ хандығының 550 жылдығы белгіленгенде, Қырғызстанның делегациясының құрамында мерекеге барғанмын. Сонда бізге «Қазақ хандығы» көп сериалы фильмінің таспалары сыйға тартылды. Елге келген соң қайта-қайта көрдім. Жобаның авторы біз құрметтеген Нұрсұлтан Әбішұлы екенін титрдан көріп, ұлттық мүддені көтерген үлкен істердің басында оның өзі тұрғандығына тәнті болдым. Міне, енді Н.Назарбаев қазақ тарихының терең қойнауына көз жүгіртіп, елдің отансүйгіштік рухын оятып отыр.
Бізге Батысқа – Еуропаға, Америкаға, Шығысқа – күнасты өлкелеріне еліктеудің қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз жақсы нәрселерді жинақтап, теріп бізге мирасқа қалдырыпты. Соны қазіргі дәуірге сәйкестіріп ұқсата алсақ болды. Егіз еліміздің асыл қазынасы – мақал-мәтелдерін алып қарайықшы, ғасырлар бойы – Конфуцийдің философиясынан, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен бұрын қалыптасқан бұл жәдігерлер ақыл-ойдың мөлдір тұнбасы іспетті.
Чыкем (Шыңғыс Айтматов) айтушы еді: «Орталық Азия тарихы – бұл осы өңірде әлмұстақтан (әлімсақтан) бері бірге өмір сүріп келе жатқан барлық елдерге тән тарих. Біздің салтымыз да, нарқымыз да, тұрмыстағы майда-шүйде тірлігіміз де бірдей» деп. Шүкіршілік, әлі де арамыз ажырап кеткен жоқ. Кейінгі кездерде тарих зерттеушілерде тарихты өз еліне иемдену үрдісі байқалуда. Бұл тура емес. Көңілді кеңге салып, «менікі» демей, «біздікі, бәріміздікі» деп айту керек. Сонда ғана түркі елдері біртұтас, берік ел боламыз.
Қысқасы, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамаларына бұл жақтағы біз сүйсіндік. Қазақстандық шығармашыл адамдардың көктен іздегені жерден табылып отыр, іске сәт!
Табылды АҚТАНҰЛЫ,
Қырғыз Республикасының халық әртісі, Халықаралық
«Ақ ілбіріс» киносыйлығының бас жүлдегері
БІШКЕК
Дереккөз: http://egemen.kz/